НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 19-20 мамырда Душанбеге жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды.
"Екі елдің көшбасшылары өзара сауда-саттықты ұлғайту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және инфрақұрылым салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында үкіметтердің уақытылы әрі тиімді іс-қимылдарының маңызды екенін айтты", - делінген хабарламада.
Эмомали Рахмон Тәжікстанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.
Мемлекет басшылары Ауғанстандағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Оқи отырыңыз: Тоқаевтың Қытай төрағасымен не туралы сөйлескені белгілі болды
Тараптар екіжақты форматта да, көпжақты құрылымдар аясында да, соның ішінде, әскери-саяси сипаттағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ алдағы кездесулер кестесі талқыланды.