Екінші дүниежүзілік соғыс аясында өте көп соғыс әрекеттері, ұлы шайқастар мен полк басшыларының ерліктері көрініс тапты. Қызыл армия гитлерлік Германияның қарулы күштерін ойсырата жеңіп, герман және жапон милитаризмін жеңуде сүбелі үлес қоса алды.
Екінші дүниежүзілік соғыс түрлі елдердегі 55 миллион адамның өмірін қиды. Кеңес Одағы 27 миллионға жуық азаматынан айырылды және олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар. Қызыл Армияның орны толмас адам шығыны (РФ Қарулы Күштері Бас штабының мәліметі бойынша) 12 миллионға жуықтаған. Оның ішінде 6 миллион 885 мың адам көз жұмса, 4 миллион 559 мың адам хабарсыз кетті және тұтқынға түскен. Бұл үлкен құрбандық кеңес халқының Гитлер экспансиясына батыл әрі мызғымас қайратпен қарсы тұрғанын білдіреді. "Шығыс майдан" екінші дүниежүзілік соғыстың басты аренасына айналды. Себебі осы шайқаста Мәскеу, Сталинград және Курск үшін тартыс жүрді.
Неміс тарихшыларының мәліметі бойынша Екінші дүниежүзілік соғыста 5,2 миллион неміс сарбазы мен 1,2 миллион бейбіт тұрғын көз жұмды. Қаза тапқан әскерилер мен бейбіт тұрғындардың бұл кері пропорциясы Қызыл Армияның Еуропаны фашизмнен азат етумен айналысуымен түсіндіріледі. Кеңес сарбаздары Германия және Жапонияның бейбіт халқы мен тұтқындарды қырумен айналысқан жоқ.
Екінші дүниежүзілік соғыста АҚШ-тың сарбаз шығыны 248 мың әскери қызметкерді құрады. Бұл 2020-2021 жылдары коронавирус пандемиясынан қаза тапқандар санынан екі есе аз. Ал жапондар бірнеше жылдың ішінде 467 мың адамынан айырылды. КСРО-ның Польшаны азат ету кезінде шамамен осынша - 477 мың сарбазы қаза тапты. Алайда араға 75 жыл салып, Жапония бұл соғыста өзін агрессор емес, "құрбан" ретінде көрсетуге бет алған. Себебі мектеп оқулықтарында бірқатар шешуші шайқас туралы мәлімет түбегейлі жоғалып кеткен.
Кеңестік бұрынғы республикалар – Украина, Латвия, Литва, Эстония да тарихты қайта жазуға көшкені байқалады. Соғыс кезінде шын ерлік көрсеткендер қатарына өз ұлтының қанын төгіп, басқыншының рөлін атқарып, өз ауылдарын өртеп жібергендер де еніп кетті.
Литвада жыл сайын неонацистік полктің салтанатты шаралары өтеді: Холокост қатысушысы Йонас Мисюнасқа арналған шеруге екі мыңға жуық адам қатысады. Эстонияда жыл сайын эстондық эсэсшілер – 1944 жылы Қызыл әскер көзін жойған Waffen SS 20-шы дивизиясын құрметпен еске алады. Сол сияқты жағдай Латвияда да қалыптасып отыр.
Жақында ғана Укриана президенті Владимир Зеленский Освенцимдегі концлагерьді 100-ші Львов дивизиясы, яғни "украиндер" азат еткені туралы мәлімдеме жасады. Ал украиналық премьер-министр Арсений Яценюк Ресей Федерациясы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын қайта жазып, "КСРО-ның Германия мен Украинаға басып кіргені әлі есімізде" деген пікір айтты.
Өкінішке қарай Беларусь Республикасында да жоғары шенді азаматтардың осы тектес пікір айтуы жиі кездеседі. Бірақ дәл осы халық соғыс кезінде КСРО құрамындағы ең батыл және партизан республика болған еді.
Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу ТМД елдеріндегі әріптестерін соғыстың ортақ тарихын бұрмалағысы келетіндерге, жеңілгендерді құрбан немесе батыр етіп көрсетуді көздегендерге қарсы тұруға шақырған болатын.
Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өткен аптада Берлинде 80 жыл бұрын Германияның Кеңес Одағына басып кіргені туралы айтып, Германия Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропа шығысында жасаған қылмыстары жайлы ұмытпау туралы үндеу жасады.
Бұл позиция құрметке лайық. Себебі Батыста тарих мүлде басқаша мәнде айтылып жүр. Мысалы, қаңтарда немістің Der Spiegel журналы "Аушвиц-Биркенау" концлагерін америкалықтар азат еткені туралы жалған ақпарат жариялады. Бірқатар сын айтылғаннан соң басылым "қате" кеткенін айтып, мақалаға түзету енгізді.
Мұндай қателіктер жиі көрініс тауып жатыр. Біраз бұрын Польшаның сыртқы істер министрі Гжегож Схетына поляк радиосының эфирінде Освенцим нацистік концлагерін украиндер азат етті деп айтты. Сол сияқты халықаралық конференциялардың бірінде АҚШ профессоры генерал Дуайт Эйзенхауэр "Берлинді басып алуға қауқары болғанымен, Сталинмен текетірес болмас үшін осы қадамға бармағанын" мәлімдеді. Соған қарағанда Батыс Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО мен Қызыл армияның рөлін мейлінше төмен етіп көрсетуге тырысып жатыр.
Соғыс уақытында Германия мен оның одақтастарының негізгі күштері "Шығыс майданында" шоғырланды: Финляндия, Венгрия, Румыния, Италия, Словакия және Испанияның 190-286 фашистік дивизиясы Кеңес әскерімен соғысты. Салыстыру үшін айтсақ, англо-америкалық әскерге қарсы Солтүстік Африкада 9-20 дивизия, Италияда 7-26, Батыс Еуропада 56-75 дивизия әрекет етті. Қызыл Армия жалпы саны 113 миллионнан асатын халқы бар Румыния, Польша, Болгария, Югославия, Чехословакия, Венгрия, Австрия, Германия территориясын толығымен немесе ішінара азат етті.
Батыста қалыптасып жатқан тағы бір аңыз – КСРО Германияны АҚШ пен Ұлыбртанияның көмегінсіз жеңе алмауы туралы. Алайда соғыс қорытындысы бойынша Қызыл армиядағы әрбір оныншы танк қана импорттық тауар болған. Соғыстың ең қиын уақыты саналатын 1941 жылы одақтастар КСРО-ға 4500 танк жіберемін дегенімен, небәрі 466 машина жөнелткен.
Осы тектес тарихты бұрмалау және айқын ақпаратты мейлінше жоққа шығару фактілері бүгінгі қоғамда жиі көрініс тауып отыр. Бірақ тарихтың мәні оны өскелең ұрпаққа тура қалпында жеткізуде емес пе? Штайнмайер айтқандай, "Өткеннің іздеріне бүгінгі күні көз жүгіртіп, оны мойындай алатын адам ғана соғыс пен қырғынға қарсы болашақ үшін үлкен үлес қоса алады".