Қоғам

Қазақстан медицина қызметкерлері күнін атап өтіп жатыр

© Официальный сайт Президента КазахстанаМедицина қызметкерлері
Медицина қызметкерлері - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.06.2021
Жазылу
Қазақстанда жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні мерекеленеді

АЛМАТЫ, 20 маусым – Sputnik. Бүгін – Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Қазақстанда жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні мерекеленеді. Биыл бұл кәсіби мереке 20 маусымға түсті. Мереке Қазақстан президентінің жарлығымен 1998 жылы бекітілді.

Бұл күн өз кәсібін медицинамен байланыстырған, өзін адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға арнаған адамдардың кәсіби мейрамы. Әсіресе былтырдан бері Covid-19 инфекциясының таралуына байланысты медицина мамандарының қызметіне деген құрмет артты.

Мереке қарсаңында Нұр-Сұлтанда дәрігерлердің аллеясы ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Дәрігерлер аллеясындағы" "Алтын жүрек" ескерткішінің ашылуына қатысты.

"Дәрігерлер әрбір науқастың дертіне шипа іздеп, күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Пандемия кезінде талай адамды өлім аузынан арашалап қалды. Дертіне дауа тапқан мыңдаған отандасымыз, бүкіл халқымыз ақ халатты абзал жандарға қарыздар. Сондықтан олар қандай құрметке де лайық",- деді президент ескерткіштің ашылу рәсімінде.

Тағы оқыңыз: Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты

Сондай-ақ президент медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері" атағын енгізуді ұсынды. Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі.

Айта кетейік, Қазақстанда қазір 260 мыңға жуық медицина маманы, оның ішінде 75 мыңнан астам дәрігер мен 185 мың орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Біздің елімізде күн сайын 2 мыңнан астам операция жасалады, мыңнан астам адам босанады, емханаларда 420 мыңнан астам адамға және 18 мың жедел жәрдем шақыруларына қызмет көрсетіледі.

Елдің стратегиялық ресурсы

Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой медицина мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында медицина қызметкерлерін еліміздің стратегиялық ресурсына балап, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы артып, туу көрсеткіші өсіп жатқанын айтты.

"Осы жетістіктердің әрқайсысының артында медицина қызметкерлерінің үлкен еңбегі тұр. Пандемия бізді көптеген құндылықтарды қайта қарауға мәжбүр етті, әсіресе ақ халаттағы адамдарға деген көзқарасты өзгертті. Олар екі жыл бойы көрінбейтін жаумен күресіп, әр науқастың өмірін сақтау үшін өз денсаулығына қауіп төндіреді", - деді Цой.

Аурудан сауыққандар артында пандемиямен күресте мыңдаған медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр, деп толықтырды ол.

Жаңалықтар
0