Қоғам

Бірыңғай кеңістік құрылады: білім министрлері Аймағамбетовтің идеясын қолдады

© Sputnik / Владислав ВодневБілім министрі Асхат Аймағамбетов
Білім министрі Асхат Аймағамбетов - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.06.2021
Жазылу
Орталық Азия елдері өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіреді

НҰР-СҰЛТАН, 19 маусым – Sputnik. Орталық Азия елдерінде жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігі құрылады. Мұндай шешім Түркістандағы Орталық Азия елдері білім министрлерінің қатысуымен өткен форумда қабылданды, деп хабарлайды білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан білім министрлері, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі білім министрліктерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар, ректорлар және тағы басқалары қатысты.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары білім беру саласында Орталық Азия кеңістігін құруды ұсынды. Шетелдік әріптестері оның бастамасына қолдау білдірген. Форум қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

"Жоғары білім берудің бірыңғай Орталық Азия кеңістігін құру бүгінгі таңда объективті қажеттілік болып отыр. Жыл сайын танылатын білім туралы құжаттардың жалпы санының 70%-ке жуығы –  Орталық Азия жоғары оқу орындарының құжаттары. Бүгінде Орталық Азия елдерінің 20 мыңға жуық азаматы Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді", - деді Аймағамбетов.

Тағы оқыңыз: 2021 жылы магистратура және докторантураға түсу ережелері қандай

Министр бірыңғай кеңістік аясында Еуропадағы сияқты біліктілікті танудың жеңілдетілген процедурасы мәселесін қарастыруға болатынын айтты.

Түркістан декларациясына сәйкес, енді Орталық Азия мемлекеттері өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, бүкіл Орталық Азия жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін біріктіреді.

Сондай-ақ тараптар студенттермен алмасу үшін білім бағдарламаларының, бірлескен ғылыми жобалардың санын ұлғайтуға және ОА елдерінің көшбасшы студенттері арасында өзара байланыс орнатуға, тәжірибе алмасу және жұмыс бағыттарын талқылау үшін ОА елдерінің жоғары оқу орындары ректорларының форумдарын өткізуге келісті. 

Орталық Азия кеңістігіне қатысушы елдердің ынтымақтастығы Болон процесі қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Сондай-ақ жоғары білім саласындағы Орталық Азия кеңістігі жанынан білім министрліктері арасындағы жұмысты үйлестіру, жоғары білімнің тартымдылығын арттыру және бәсекеге қабілеттілікті күшейту үшін хатшылық құрылады.

Түркістан декларациясы ынтымақтастықтың келесі бағыттарын көздейді:

  • ОА елдері жоғары оқу орындарының альянсын қалыптастыру;
  • ОА елдерінің білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аккредиттеу кеңесін құру;
  • ОА елдері студенттерінің альянсын құру;
  • Біліктілікті және білім туралы құжаттарды тану жөніндегі ұйымдар қауымдастығын құру.
Жаңалықтар
0