НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №103 қалалық емхананың жұмысымен танысты, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Президент алдымен алғашқы жәрдем және консультациялық-диагностикалық кабинеттерді көріп шықты. Медициналық орталықта тіркелген тұрғындарға 23 сала бойынша алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Тоқаев кімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көбейтілетінін айтты
Емханада рентгенография, маммография, флюорография, ЛОР-комбайн, сараптамалық деңгейдегі ультра-дыбыстық зерттеу және басқа да медициналық аппараттар бар. Мамандардың айтуныша, соңғы үлгідегі аппараттардың арқасында ауруды дер кезінде анықтап қана қоймай, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бар.
"Салауатты Астана" ЖШС-іне қарасты жаңа амбулаториялық-емханалық кешен бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ, ересектер мен балаларға оңалту қызметтері көрсетіледі. 150 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.
Президент медициналық орталықтың ұжымына жедел жәрдем көлігін алуға сертификат табыстады.
Ресми мәліметке сәйкес, астанада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 36 ұйым бар. Соның 16-сы мемлекеттік мекеме болса, 20-сы - жекеменшік ұйым.