НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. Күні кеше ғана Женевада Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі өтті. Екі көшбасшы да кездесуге көңілдері толатынын жеткізді. Алайда бұл кездесу екі елдің арасындағы шиеленістің біршама бәсеңдеуіне ықпал етті ме? Қос көшбасшының диалогы Ресей Федерациясының Еуропамен қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Осы туралы Sputnik материалында толығырақ.
Болашаққа бағдар
16 маусымда Женевада Владимир Путин мен Джо Байденнің кездесуі революциялық өзгерістерге алып келмегенімен толыққанды диалогтың бастамасы болуы әбден мүмкін. Саммит қорытындысы бойынша "Россия сегодня" ХАА мультимедиялық баспасөз орталығындағы пікірталасқа қатысқан сарапшылар осындай пікір білдірді.
Ресей мен АҚШ-тың стратегиялық қаруландыруды бақылауда ұстауды көздеуін растайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы екі президент кездесуінің маңызды нәтижесі болды. Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің бас директоры Андрей Кортунов осылай деп санайды.
"Стратегиялық шабуылдау қаруларын шектеу туралы шарт бес жылға созылғанымен, уақыт соншалық көп емес. Тараптар қаруландыруды бақылаудың жаңа моделі туралы келісімге келгені жақсы болар еді", - дейді ол.
Сарапшының пікірінше, өзара консультациялар мәселесіне киберқауіпсіздік проблемаларын қосуға АҚШ-тың келісуі де аса маңызды. Себебі бұған дейін Америка бұл мәселеден түбегейлі бас тартып келді. Сонымен қатар Андрей Кортунов Вашингтон мен Мәскеудегі елшілердің қайтарылуы да болашаққа оптимизммен қарауға себеп екенін айтты.
Ал РҒА АҚШ және Канада институтының директоры Валерий Гарбузов Ресей-Америка қарым-қатынасында проблемалар қордаланып қалғанын және ол бір кездесуде түгелдей шешіле қоймайтынын айтты.
"Бұл саммит консультациялар, келіссөздердің бастауы болуы керек. Егер жұмыс топтары құрылып, кездесулер басталса, мемлекет басшылары телефон арқылы немесе бетпе-бет кездесу арқылы сөйлесетін болса, онда диалог қалпына келеді. Алдағы бірнеше аптада-ақ нәтижесін көре аламыз", - деп болжам жасады ол.
Трамппен кездесуден өзгерек
Женевада өткен саммит Владимир Путиннің 2018 жылы Хельсинкиде Дональд Трамппен кездесуін еске салады, дейді Валерий Гарбузов.
"Трамппен кездесуден де көп нәтиже күтті. Кейбіреулер бұл кездесуді тарихи деп атады. Алайда бәрі құрдымға кетті. Болашақта Женева саммиті де осындай күй кешпесе деймін", - деді сарапшы.
Андрей Кортунов Байденнің Ресей президентімен кездесуді қысқа мерзімде тез ұйымдастыруы да жақсы нышан екенін айтты. Себебі алдыңғы президент Дональд Трамп Владимир Путинмен алғашқы және соңғы кездесуін өткізуі үшін жарты жыл уақыт жұмсаған болатын.
Еуропа, санкциялар және Украина
АҚШ пен Ресей арасындағы аздаған "жылымық" Вашингтонның еуропалық одақтастарының антиресейлік ұстанымын біршама жібітуге ықпал етеді. Сондықтан саммиттің позитивті нәтижесі Мәскеу үшін геосаяси аспектіде де тиімді деп санайды Валерий Гарбузов.
"Брюссельдегі Ресеймен ынтымақтастықты жақтаушылар үшін енді біршама жеңіл болады. Себебі ЕО үнемі Вашингтонға қарайлап келді. Олар Ресей бойынша америкалық позицияны есепке алады. Менің ойымша, Германия, Италия және Франциядағы әріптестерімізге Мәскеумен өзара әрекеттестік бойынша жаңа бастамалар, форматтар ұсыну жеңіл болады", - деп түсіндірді Андрей Кортунов.
Сарашы 2014 жылы жүмысын тоқтатқан Ресей – НАТО кеңесін қайта іске қосуға ықпал етуі мүмкін деп санайды.
Ал ММХҚИ доценті Иван Тимофеев Ресейге қарсы батыстық санкцияларда қандай да бір өзгеріс болмайды деп пайымдады.
"Жақын уақытта ешқандай америкалық санкцияны алып тастамайды. Оған еш себеп жоқ. Бірқатар санкция АҚШ заңнамасында көрініс тапты. Байден оларды "Солтүстік ағын – 2" жобасы секілді тоқтатуы мүмкін, бірақ күшін жоя алмайды. Санкциялар жеңілдетілмейді. Бірақ жаңа қатаң шаралар да енгізілмейді", - деді ол.