НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев көпбалалы отбасыға арналған 160 шаршы метрлік пәтерді бюджет қаржысына сатып алу бастамасын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Шынымен де, 43 миллион теңгенің пәтерін сатып алғымыз келді. Бірақ осы сомаға сай өтінімдер түскен жоқ. Ол жерде сауалнама әдісімен баға 250-270 мың теңге (шаршы метріне – Sputnik) болған. Алайда ондай бағаға да пәтер табылмады. Қоғамда үлкен резонанс болғанын білемін. Менің тапсырмам бойынша мәселе жабылды. Лотты сайттан алып тастады", - деді Маржықпаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда журналистер: "Бұған дейін әкімдік көпбалалы отбасыларға ондай қымбат пәтер алды ма?", - деп сұрады.
Облыс басшысы бұған дейін ондай бастаманың болмағанын жеткізді.
"Ондай болған жоқ. Себебі бізде арендалық және кредиттік баспана салынып жатыр. Оны халықтың әлеуметтік осал топтары да ала алады", - дейді Мыржықпаев.
Әкімнің сөзіне қарағанда, даулы лотпен шынымен де көпбалалы отбасыға пәтер сатып алу жоспары болған.
"Ондай отбасы бар. Шынымен де, қала осы отбасыға пәтер алып бермекші болған. Алайда мәселе өздігімен шешілді", - деп түйіндеді Маржықпаев.
Күдікті лот
Өткен айда Instagram желісіндегі Protenge атты паблик Көкшетау әкімдігінің мемлекеттік сатып алулар сайтында көпбөлмелі пәтерге лот орналастырғаны туралы ақпарат таратты. Алайда қала әкімінің өзі күдікті лот жайында хабарсыз болып шықты.
Шенеуніктер бюджет қаржысына 42,9 миллион теңгенің пәтерін сатып алуды жоспарлады. Негізгі талаптар – гардероб және 28 шаршы метрлік дәліз. Ал пәтердің өзі 159 шаршы метрден кем түспеуге тиіс. Үйдің салынған жылы "2011" деп көрсетілген еді.
Дегенмен 43 миллион теңгенің пәтері қай отбасыға арналғаны әлі күнге дейін белгісіз.