НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар тиімсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Есеп комитеті жуырда арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігіне аудит жүргізген.
"Өздеріңіз білетіндей, олардың міндеті – қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту. Алайда АЭА-ға қатысты мәселе бұрыннан бар. Кезінде 5 аймақ болғанда Елбасы олардың тиімділігін анықтауды талап еткен болатын. Ал қазір олардың саны 13-ке жетті. 2001 жылдан бастап 2019 жылға дейін АЭА-да инфрақұрылым салуға тек республикалық бюджеттен 372 миллиард теңге бөлінді, оның 62%-і – Ұлттық қордың ақшасы. Алайда сол 13 аймақтың үшеуінің ғана құрылысы толық аяқталған. Бәрін аяқтау үшін тағы 280 миллиард теңге керек. Сол себепті АЭА жалпы аумағының 60%-ке жуығы қазір бос тұр",- деді Годунова сенат отырысында.
Айтуынша, АЭА-ға шамамен 4,3 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның тек 29%-і немесе 1 триллион 200 миллиард теңгесі өнеркәсіпті дамытуға бағытталды.
"Осы триллионның құрылымына тоқсалсақ. 65%-ін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысуымен салынған инвестициялар құрады. Бұған дейін бұл қаражат оларға республикалық бюджеттен немесе Ұлттық қордан бөлінген болатын. Мемлекеттің 1 теңгесіне 3 теңгеден сәл артық инвестиция келеді. Оның 1,1 теңгесі жеке меншікке, қалғандары – квазимемлекеттік секторға тиесілі. Көріп отырғаныңыздай, цифрлар жақсы емес", - деді комитет төрағасы.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысын сынға алды
Десе де ол мемлекеттің АЭА-ға жұмсаған ақшасы салық түрінде қайтқанын атап өтті.