НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Кешеден бері әлемдегі миллиондаған адам Ресей президентінің америкалық NBC телеарнасына берген сұхбатын талқылап жатыр.
Путиннің мәлімдемелері интернетті дүр сілкіндірді. Мәселе Ресей президентінің қандай да бір жаңа, революциялық әдіс ұсынуында емес. Қазір адамдар революциялық амалдардан әлдеқашан шаршаған. Мұнда бар гәп Ресей президенті NBC журналисі Кир Симонсқа ақиқатты ашып айтқанында болып отыр, деп жазды РИА Новости.
Бүгінде масс медиа арқылы ақпарат бұрмаланып, қоғамнан шындықты жасыруға тырысатын айла-амалдар бұқараны жалықтырды. Осы орайда Путиннің сұхбаты бойынша редакция мақалаларына қалдырған пікір де жан-жақты, түрлі сипатта болып отыр.
Алайда пікір білдірушілердің басым бөлігі Путиннің сөздерінен қазіргі тығырықтан шығаратын жолды көргендей болды. Әсіресе трапмшылдардың еңсесі көтеріліп қалды. Ол бұрынғы президенттің тек Америкадағы емес, бүкіл әлем бойынша жақтаушылары.
"АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамп мырза – біртуар дарынды адам" деген сөзі бүкіл БАҚ пен әлеуметтік желіде кең тарап, саналы ұлтшылдық пен басқа мемлекеттің ісіне араласпауды қалайтындарға майдай жақты.
Бұл бір ғана Трамптың жеке басына қатысты мәселе емес. Америкалықтар экс-президенттің оқшаулануды көздейтін саясаты олар үшін тиімді болғанын, АҚШ-тың да, әлемнің де нығаюына ықпал еткенін жақсы түсініп отыр. Ал демократиялық партия жүргізіп отырған ақпараттық, экономикалық және мәдени соғыс бүгінде АҚШ пен әлем державаларының күл-талқанын шығарардай болып тұр.
Пікір білдіргендер арасында соңғы жылдары Америка мен әлемдегі барлық қиындық пен туындаған проблемаға Ресейді кінәлау сәнге айналғанын жазғандар да болды.
"Олар соңғы бес-алты жыл бойы өздеріне ұнамсыз әрекеттің барлығына Ресейді айыптап келеді. Сайлауда жеңіліс тапса да, бұл іске Ресей араласты деген мәлімдеме жасайды. Бұл ұят", - деп пікір білдірді Daily Mail сайтындағы оқырман.
Бүгін Ресей мен АҚШ қарым-қатынасы бүкіл әлемнің назарында тұр. Путин мен Байденнің кездесуі заманауи саясаттағы айтулы оқиғалардың біріне айналды. Саммит басталғанға дейін бұл кездесу жайын Қытайдан Украинаға дейін талқылап жатыр. Көптің көкейінде жүрген сауалға Женевадағы саммит барысында жауап табылады деген үміт бар.