НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Өскемен қаласында бір топ жігіт ер адамды ұрып кетті. Көрші үйдің тұрғындары болған жайтты видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеодан бір топ жігіт біреуді қуып бара жатқанын көруге болады. Сосын үйдің бұрышында ұстап, соққыға жығады. Ал көлік иелері сигнал беріп, тоқтатуға тырысқан. Бір кезде бәрі бытырап қашады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Кәдімгідей битамен ұрып жатыр. Масқара! Бір топ жігіт жабылып кетті", - дейді видео авторы.
Ал видеоның анықтамасында жанжалдасқандар атысып, пышақтасқаны да жазылған. Оқиға Алматы көшесіндегі 58-ші үйдің жанында болды.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл оқиғаның 14 маусым күні шұғыл басқару орталығының бейнекамераларына жазылғанын хабарлады.
"Оқиға орнына патрульдік жасақ жіберілді. Аудандық полиция бөліміне бірнеше адам жеткізілді. Тергеу шаралары басталып кетті. Ұсталғандарға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары қолға алынды. Оған сәйкес, 3-7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.