Экономика

Қазақстанда 87 қылмыстық топтың жолы кесілді - қаржы мониторингі агенттігі

© Sputnik / Рамиль СитдиковПапки с документами, архивное фото
Папки с документами, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2021
Жазылу
Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы президентке жалған шот-фактураларды жазып берумен айналысқан 87 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылғанын айтты

АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады.

"Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазірге дейін 2,8 триллион теңге көлемінде жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан 87 қылмыстық топтың жолы кесілгенін баяндады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаға айналдырған қаржы көлемі 24%-ке азайды", - деп хабарлады Ақорда.

Бұдан бөлек жасырын жұмыс істеген 10 цехтың қызметі тоқтатылып, есепте жоқ 800 мың шөлмектен астам алкоголь өнімі тәркіленді. 96 заңсыз ойын мекемесі жойылып, заңсыз айналымнан 1200-ден астам ойын автоматы, терминал мен покер үстелдері алынды. Мұнай және мұнай өнімдері бойынша 40 заңсыз айналым дерегі анықталды.

Мемлекет басшысына "көлеңкелі" экономика деңгейін қысқарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берілді. Аталған міндет жүйелі әрі кешенді алдын алу шараларын әзірлеу және өткізу арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы "Айқын экономика" ұлттық жобасын іске қосу туралы бастаманы қолдады. Қаржы саласының ашықтығын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнестің "көлеңкелі сектордан" шығуын ынталандыру аталған бастаманың стратегиялық басымдығы болып табылады.

"Агенттік төрағасының айтуынша, 2021-2022 жылдары Қазақстанның жылыстатуға қарсы жүйесі қылмыстық жолмен түскен табыстарды заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) стандарттарының сақталуы бойынша өзара бағалаудан өтуге тиіс", - делінген хабарламада.

Президент агенттіктің аталған шараға қатысты жүргізіп жатқан дайындық жұмыстарының маңызды екенін атап өтті және кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Жаңалықтар
0