НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Үш елдің азаматтарына коронавирусқа қарсы вакцина салдырған жағдайда Қазақстанға кіруге рұқсат етілді. Тиісті қаулыға Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері қол қойды.
Құжат 11 маусымда күшіне енді.
"Венгрия, Таиланд және Моңғолия азаматтарының вакцинация паспорты/сертификаты/анықтамасы Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылсын", - делінген қаулыда.
Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттеріндегі мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелеріне қаулыда көрсетілген құжаттар болған кезде Венгрия, Таиланд және Моңғолия азаматтарына Қазақстан аумағына кіруге рұқсат ету тапсырылды.
Бұған қоса, коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Онда вакцина кімге салынбайтыны, егу пунктерінде қандай талаптар сақталуға тиіс екені және тағы басқа шаралар толық көрсетілген.
Әдістеме төрт вакцина үшін жазылған: "Гам-КОВИД-Вак" (Спутник V), QazCovid-in (QazVac), Hayat-Vax SARS-CoV-2 (Vero Cell), КоронаВак (CoronaVac, Vero Cell).
Қаулының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.