Әлем

Түркияда Абайға ескерткіш орнатылып, ақын атындағы саябақ ашылды

© Sputnik / Абзал Калиев Abzal KALIYEVАбай Құнанбайұлы
Абай Құнанбайұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.06.2021
Жазылу
Саябақ пен ескерткіштің ашылу рәсімі 2020 жылға жоспарланған, алайда пандемияға байланысты кейінге шегерілген

АЛМАТЫ, 12 маусым – Sputnik. Түркияның Алания қаласында қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ пен ескерткіш ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ақпаратынша, саябақтың ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Алания қаласының әкімі Адем Мурат Юджел, жергілікті қазақ диаспорасы мен қонақтар қатысты.

"Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық болмысымыздың айнасы саналатын ұлы ойшыл мұрасының бауырлас Түркияда ерекше дәріптеліп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш. Абай атамыздың артынан қалдырған өсиет-өнегесін түсініп, ұғына алсақ, халқымыздың және жалпы адамзаттың өркендеуі жолында өлшеусіз үлес қосатынымыз сөзсіз", - деді Абзал Сапарбекұлы.

Қазақстандық елші Абайдың 175 жылдығына демеу болып, саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен Түркия еліне алғыс білдірді.

Алания муниципалитетінің басшысы Адем Мурат Южел "қала орталығындағы саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін берілуі – қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығының дәлелі" екенін айтты.

Алания саябағында бой көтерген ақын ескерткішінің авторы – Нұрлан Ахметов. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің хабарлауынша, бұл шара 2020 жылға жоспарланған. Пандемияға байланысты кейінге шегерілген.

Айта кетсек, аталған саябақта Абай ескерткішімен қатар, түрік халқының отыздан аса ақынының ескерткіші бар.

Бұған дейін Анталияның Муратпаша ауданында да Абай саябағы ашылды.

Жаңалықтар
0