Қоғам

"200 теңгелік картоп бар": министр Омаров қымбатшылықтың себебін айтты

© Photo : pixabay / stanbalikКартофель
Картофель - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2021
Жазылу
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде сауда министрлігімен бірлесіп, азық-түлік өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 маусым - Sputnik. Ауыл шаруашылы министрі Сапархан Омаров картоптың қымбаттауын түсіндірді , деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір картоп жоқ емес, бар. Астана базарларының өзінде былтырғы картоп 200 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ адамдар жаңа піскен картопты алғысы келеді. Ал жаңа шығып жатқан картоп Өзбекстан мен Қырғызстаннан келіп жатыр. Әрине, оның бағасы жоғары. Ал өзіміздің шаруалар былтырдан қалған картопты сатып жатыр. Оны да көп ұстауға болмайды. Өйткені жаңа картоп келген сайын былтырғы картопты ешкім алмайды. Бағасы да төмендеп кетеді", - деді Омаров сенатта өткен үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде сауда министрлігімен бірлесіп, азық-түлік өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Оларға субсидия бойынша тиісті талап қою жоспарланып отыр.

"Егер ол субсидия алса, соның ішінен 30 процентін ішкі нарыққа ұстап отыруы керек. Мысалы, былтыр бидай мен ұн сыртқа шығып кеткенде тапшылық туындау қаупі болған. Сол кезде біз өнім өндірушілермен келістік. Тауардың 70 процентін экспортқа шығарса, ішкі нарыққа 30 процентін төменгі бағамен сатуға міндетті болған. Осы жағдайды ары қарай жалғастырамыз деп ойлаймын", - деп атап көрсетті Омаров.

Айта кетейік, кеше үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп қымбаттауына қатысты өз ойын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық картоп экспортқа көп кетіп қалады. Содан жыл сайын тапшылық туындайды. 

"Осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да тиісті шаралар қабылдамай отыр. Өткен жылы баға картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана тұрақтандырылды", – дейді Сұлтанов.

Оқи отырыңыз: Сұлтанов картоптың қымбаттауына кінәлілерді атады

Министрдің мәліметіне сәйкес, биыл картопты төмен бағамен экспорттаудың салдарынан отандық өнім қорлары 3 есе қысқарған (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін). Сол себепті Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алынды. Оның бағасы отандық картопқа қарағанда үш есе жоғары.

"Жалпы 4 айда картоп импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47%-ке жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті тетігі болса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта картоп бағасын ұстай алмады", – деді министр.

Жаңалықтар
0