АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Қоғамда қайыршылардың көбеюіне жемқорлық кінәлі. Ал жемқорлық бюджеттен бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей тоқтамайды. Бұл пікірді айтыскер ақын, "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов "31 арнаға" берген сұхбатында айтты.
Сондай-ақ мемлекеттік мекеменің басшысы ретіндегі қызметі жайында айтып берді.
"...Қызметке келгелі ұстанымым өзгерген жоқ. Қазақстандағы көптеген мәселеге кінәлі деп санап жүрген адамдардың ауқымы кеңейді. Бұған қарапайым, қатардағы адамдар қосылды. Софы Сматаевтың "ақылдыны билегің келсе, ақымаққа қамшы беріп қой" деген сөзі бар. Қазір дастархан басында "мына жүйе мынандай" деп бәріміз айтамыз, бірақ дәл сол орынға сол сөзді айтып отырған адамды қойсаң, ол да соны істейтініне күмәнім жоқ. Адамға соны сен өзгерт деп апарса, іші толық өзгеріп кетеді екен", - дейді Ринат Зайытов.
Айтуынша, қызметке кіріскелі әкімдердің қандай кедергілермен кездесетінін және олардың көп жайтты білмейтініне көзі жеткен. "Уәзірі мылқау болса, хан саңырау болады. Қарамағымдағы бөлім басшылары келіп айтпаса, мен де көп нәрсені, қарапайым 200 адамның ішінде не болып жатқанын білмеймін. Ал үлкен басшылықтың қателігі – соған қарай қадам жасамау. Бізде "естуші мемлекет" деген бар. Сол жағына дұрыс қадам жасау керек, қарамағындағы қызметкерлерден алыстамау керек. Еден жуушыдан бастап есігіңді қағып, өз мәселесін айта алуы керек", дейді Зайытов.
Сонымен қатар оның сөзінше, қоғамдағы қайыршылықтың көбеюі жемқорлықтан болып отыр.
"Егер бізде бюджеттен бөлініп отырған ақшаның бәрі діттеген жеріне жетіп, желінбей жұмсалатын болса, еш қиындық болмайды. Бізде 1 миллиард теңге бөлінетін болса, ол ақша Семейге жеткенше 10 миллион теңге болады. Ал оны жолда иемденгендер ешқандай жауапқа тартылмайды. Ары кетсе жұмысынан алып, басқа жерге қызметке қояды. Осы мәселені шешіп алатын болса, қалғанының бәрі өзі шешіледі. Біздің бірінші мәселеміз – жемқорлық", - дейді Зайытов.
"ЛГБТ бір ұрпақты өлтіру"
Сұхбат барысында Ринат Зайытов өзінің YouTube арнасында жарияланған видеоға да тоқталды. Ол жерде айтыскер "Жарайсыңдар, жігіттер!" деген тақырыппен өлеңін жариялаған. Ішінде ЛГБТ тобына қарсы шыққан шымкенттік жігіттер мадақталған.
"Ондай ұйымсымақтарға бұрыннан қарсымын. Бұл мәселе басталып келе жатқанда көтерілгенбіз. Мұның бәрі көзді үйретуден басталды. Біздің сахнада сондай кейіптегі адамдар пайда бола бастады. Қазір біздей тұтас бір арна түнге дейін осындайлардың бейнебаянын көрсететін. Оны бала-шағаға көрсетпеуге тырысамыз.
Аш-жалаңаш халық ақиқат айтып, теңдік сұрап шықса, олардың қолын қайырып алып кетеді. Бүкіл бір ұрпақтың тағдырына балта шапқысы келетіндер талтаң-талтаң етіп жүреді де, оларға полиция қорған болады. Бұл ақылға қонбайтын нәрсе", - дейді ол.
Оқи отырыңыз: Жаңа қызметке тағайындалған Ринат Зайытов жалақысы қанша екенін айтты
Сонымен қатар бізде қазақ мүддесін қорғағандар сотталып, білдей бір қоғамның наразылығын тудырып отырған топтар талтаңдап жүре беретінін айтты.
"Олардың әрекетінің қай жері заңды? Кәмелетке толмағандарды азғырып жатыр. Қоғам алауыздығын тудырып жатыр. Бұлардың артында саяси мақсат бар деген ойды кім жоққа шығара алады? Адамды адам өлтіргеніне мен де қарсымын. Бұлар өлтірмек түгіл қарапайым адамзаттың табиғи жолмен көбеюіне тосқауыл қойып отыр ғой. Бұл бір ұлтты өлтіру емес пе? Біз қазір оларды "ұрмайық, соқпайық" деп отырмыз, бірақ олар біздің тумаған ұрпағымызды өлтіргелі жатыр. Олар біздің аямаса, неге біз оларды аяуымыз керек?", - дейді айтыскер.
Сондай-ақ егер ЛГБТ өкілдеріне наразылыққа шығуға рұқсат беретін болса, оларға қарсы топқа да, көмек сұрап жүрген жалғызбасты аналарға да шығуға рұқсат берсін, дейді айтыскер.
Айта кетейік, 2021 жылы ақпанда Ринат Зайытов Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрының директоры болып тағайындалды.