Әлем

Айзаданың өлімі: қыз алып қашуға қатысқан жігіттің бірі оқиғаның мән-жайын айтып берді

© PhotoСилуэт девушки на фоне реки
Силуэт девушки на фоне реки - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.06.2021
Жазылу
Күдіктілердің бірі Айзаданы өлтірген Замирбек Теңізбаевпен қайғылы оқиғадан жарты жыл бұрын танысқанын айтты

АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Қырғызстанда ер адам алып қашып, артынша буындырып өлтірген Айзада Қанатбекованың ісі бойынша күдікті Орузбек Нұрымбетов сотта оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.

Нұрымбетов Айзаданы өлтірген Замирбек Теңізбаевпен қайғылы оқиғадан алты ай бұрын таксиде жұмыс істеп жүрген кезде танысқанын айтты.

"5 сәуірге қараған түні біз жігіттермен бірге компьютерлік клубта отырдық. Таңертең Ош базарындағы кафеге бардық. Тамақтанып жатқанда Замирбек келіп, сөйлесу үшін сыртқа шығуымды өтінді. Үйленгісі келетінін айтып, алып қашуға көмек сұрады. Басында келіскен жоқпын, не үшін алып қашқалы жатқанын сұрадым. Замирбек Айзаданың солай істе деп сұрағанын айтты. Содан кейін келістім", - деді күдікті.

Содан кейін қайтадан кафе ішіне кіріп, қызды алып қашуға басқа таныстарын да көмекке шақырғанын айтты.

"Олар да бастапқыда күмәнданды, бірақ соңында келісті. Біз Медеров пен Тыныстанов көшесінің қиылысына барып, қызды күттік. Ол жолды кесіп өтіп бара жатқанда Замирбек оның қолынан ұстап, көлікке алып келді. Мен көтеріп алып көлікке отырғыздым, көліктің артына қыздың жанына жайғастым. Олар көлікте жақсы сөйлесіп барды", - деді Нұрымбетов.

Содан кейін олар Гагарин 47 мекенжайы бойынша тоқтап, Теңізбаев Айзаданы көліктен шығарған.

"Замирбек әрі қарай өздері Ошқа баратынын айтты. Біздің артымыздан келе жатқан көліктегі төрт жігіт мені алып кетті. Біз кері қайттық, ал Замирбек Ақ-Орго жаққа қарай кетті. Мен бұлай боларын білмедім", - деді күдікті.

Қызды ұрлау бойынша күдіктінің бірі Сыймык Молдосариев сол күні Нарыннан келгенін, сол күнгі жайттың бәрі тосыннан болғанын айтты.

Айзаданың өлімі

Қырғызстанда 5 сәуірде бір топ ер адам 27 жастағы Айзада Қанатбекованы ұрлап әкеткен. Екі күннен кейін оны ұрлап әкеткен ер адамның қызды өлтіріп, өзіне қол салғаны белгілі болды. Екі мәйіт бар автокөлік Бішкек маңынан табылды. Қызды ұрлауға қатысы бар төрт күдікті қамауға алынды.

Оқи отырыңыз: Қойшы тауып алған: бір топ еркек алып қашқан бойжеткен өлі табылды - видео

Қала ортасында қызды алып қашқан жағдай жұртты таңғалдырды. Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков пен елордалық ішкі істер басқармасы басшылығының отставкаға кетуін талап еткен митингтер өтті.

Қырғызстандықтар Айзаданы ұрлап кеткен сәттің бейнежазбасы болғанына қарамастан, милиция кісі өлтірудің алдын ала алмағанына наразы болды.

Милиция Айзаданы іздеу бір минутқа да тоқтамағанын, күдіктілердің барлық танысы, мекенжайлары тексерілгенін айтты.

Айзада 8 сәуірде Балықшы қаласында жерленді. 10 сәуірде таңертең осы іске байланысты 12 полиция қызметкері, оның ішінде басшылар қызметінен босатылғаны белгілі болды. Барлығы 44 құқық қорғаушы жазаланды.

Жаңалықтар
0