Қоғам

12 жасар қызды зорлау ісі: алқабилер соты күдіктіні ақтап шықты 

© Sputnik / Алексей Вовк / Медиабанкке өтуСотрудник правоохранительных органов снимает наручники, архивное фото
Сотрудник правоохранительных органов снимает наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.06.2021
Жазылу
Осы қылмыстық іс бойынша үш ер адам айыпты болған. Бұған дейін екеуін 20-21 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал үшіншісі істі алқабилер сотында қарауды талап етті

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым - Sputnik. Ақмола облысында 12 жасар қызды зорлағаны үшін айыпты деп танылған ер адам жазадан құтылды. Сот алқабилердің шешімі негізінде оны ақтап шықты.

"Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 4-бөлігі (Жасөспірімді зорлау) бойынша қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаумен байланысты оқиғаның болмауынан Б.К. алқабилердің шешімі негізінде ақталды", - делінген қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының үкімінде.

Осылайша, 12 жасар қызды зорлағаны үшін айыпталған Целиноград ауданының тұрғыны ақталып шықты. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокурор мен жәбір көргендер үстінен арыз түсіре алады.

Нұр-Сұлтанның іргесінде болған қылмыс

"НеМолчиKz" қоғамдық қорының парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, мектеп оқушысын 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап 2020 жылдың маусымына дейін үш ер адам зорлаған. Үшеуі де ағасының туыстары. Олар қыздың сыныптастарына бәрін айтып қоямыз деп қорқытқан. Сөйтіп, арам ойларын іске асырып жүрген.

Оқи отырыңыз: 32 педофил бостандыққа шығады – мамандар дабыл қақты

25 мамырда Көкшетау қаласында екі күдіктіге қатысты сот үкімі шығарылды. Біреуі 20 жылға сотталса, екіншісі 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса, әрбіреуі 4 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеп беруге міндеттелді.

Ал үшіншісі істі алқабилер сотында қарауды сұрады. Прокурор оны 20 жылға түрмеге тоғытуды талап етті. Алайда алқабилер оны ақтап шықты. 

Алқабилер істі қалай қарайды?

Алқабилер сотының мүшелері күдіктінің айыпты я айыпты емес екенін құпия дауыс беру арқылы шешеді. Он адам және бір судья дауыс береді. Бірақ судьяда басымдық құқығы жоқ.

Тәртіп бойынша дауыс берген алты адам айыпты қолдамаса, күдіктіні ақтау туралы шешім шығарылады.

Заңда алқабилер сотына кіре алмайтын адамдардың тізімі де көрсетілген. Олар:

  • алқабилер тізімін жасалғанға дейін 25 жасқа толмағандар;
  • сотты болған және өтелмеген сотталу тарихы бар адамдар;
  • сотпен шешім қабылдауға қабілеті жоқ деп танылғандар;
  • судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік және әскери қызметшілер, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
  • психикалық аурулар және мінез-құлықтың бұзылуы бойынша медициналық мекемелерде тіркеуде тұрғандар.
Жаңалықтар
0