НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым — Sputnik. Алматыда қара нәсілді жолаушыға тиіскен ер адамға қатысты мегаполис полициясы тергеу амалдарын бастады.
Бұл оқиғаның видеосын алматылық Ескендір Махиянов жариялады. Ол қалалық 118-бағдарлы автобуста осы оқиғаның куәсі болған. Оның айтуынша, бұл жағдай жиіркенішті болып көрінді.
"Абай даңғылындағы аялдамалардың бірінде қара нәсілді шетелдік азамат автобусқа мініп, менің артымда екі метр қашықтықта тұрған орындыққа отырды. Екі аялдама жүргеннен кейін ол жылдам жүріп автобус жүргізушісіне жетті. Оның артында шалбарының түймесін ағытып, көзі алақ-жұлақ еткен сырт келбеті азиялық сипаттағы ер адам теңселе жүріп, оның соңынан "Ниггер" деп айқайлады", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Шетелдік азамат көлік жүргізушінен еш көмек ала алмаған соң, басқа бос орынға отырған. Алайда қоғамдық тәртіп бұзушы тыныш таппай, шетелдік азаматты балағаттауын тоқтатпаған. Тіпті оны жұдырықтасуға шақырған.
Ескендір Махиянов бұл оқиға қалай аяқталғанынан бейхабар. Алайда құқық қорғаушылардан оқиғаның мән-жайын анықтауды сұрады. Ол бұл жанжалға араласқысы келгенімен, белгілі себепке байланысты бұл ойынан айныған.
"Неге олай жасамадың деп сұрамаңыздар. Мұндай жағдайға полиция араласып, жазалуы керек екенін өз тәжірибемнен білемін", - деп жазды пост авторы.
Алматы полициясы осы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Алматы полициясы департаменті басшысының орынбасары Рустем Әбдірахманов хабарлағандай, осы факті бойынша оқиғаға қатысушылардың жеке тұлғасын анықтау бойынша іс-әрекет жүргізіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Алматы полициясы департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқи отырыңыз: Павлодарда кондуктор жолаушыны автобустан күштеп түсіріп кетті – видео
Ол осы жағдайға қатысты қалалық полиция бөлімшесіне ресми хабарлама немесе арыз-шағым түспегенін айтты.