НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Төтенше жағдай құрғақшылық пен мал азығының жетіспеуіне байланысты енгізілуі мүмкін. Ұсынысты Қызылорда облысы Арал ауданының әкімдігі жасады. Онда қазірдің өзінде 500-ге жуық ірі қара өлген, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Өлген малдардың өлекселері сараптамаға жіберілді. Ал тірі малдарды сақтап қалу үшін жергілікті билік төмендетілген бағамен жем-шөп жеткізуді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Қазіргі кезде құзырлы органдар тексеру нәтижесін күтіп отыр. Өйткені, өңірде төтенше жағдай жариялау үшін бірнеше органдардың келісімін алу керек.
"Аудандағы малды азықтандыру үшін 7 520 тонна шөп қажет. Бүгінге дейін 560 тонна әкелінді. Бағаны ұстап тұру үшін біз жеткізу шығындарын жабуды жоспарлап отырмыз", – дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.
Оның айтуынша, табысы төмен отбасылар үшін жем-шөп тегін беріледі. Қазіргі кезде бұл мақсаттағы шығындардың есебі бөлек жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Арыста ескі мал қорымдары табылды: аурудың таралу қаупі бар ма?