НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым - Sputnik. Целиноград ауданының тұрғыны қызын құтқарамын деп, суға батып кетті. Құтқарушылар 43 жастағы әйелдің денесін бес сағат бойы іздеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға 8 маусымда Отаутүскен ауылының маңайында болған. 1978 жылы туған әйел 10 жасар қызын судан алып шығамын деп, өзі ажал құшты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, анасы қызымен бірге фермада жүрген. Шаруашылық Нұра өзеніне жақын жерде орналасқандықтан, олар балық аулауға барған.
"Сол кезде қызы суға түсуге рұқсат сұрағанда, анасы қарсы болмаған. Ал өзеннің жағасы бірнеше метр жазық болып келеді де, кенеттен тік жар кетеді. Ал ол жерде ағыстың жылдамдығы секундына 1,5-2 метр, ал тереңдігі жеті метрге дейін барады", – дейді Доспаев.
Оның сөзіне қарағанда, кішкентай қыз дәл сол жарға түсіп кеткен. Оны көрген анасы үстіндегі киімін шешпей, бірден суға секірген.
"Өзеннің ағысы екеуін төменге қарай алып кетеді. Шамамен, 30 метрден кейін қыз бір бұтақты ұстап қалғанымен, анасын ары қарай су тартып кетеді. Қыздың айқайлаған дауысын естіген ферма қызметкері оны судан алып шыққан. Алғашқы медициналық көмек те көрсетіп, жедел жәрдемге тапсырды", – деп атап көрсетті құтқарушы.
Құтқарушылар қыздың анасын бес сағаттай іздеген. Бұл іске Нұр-Сұлтан қалалық және Ақмола облыстық департаментінің мамандары атсалысты. Кешкі сағат 19:30-да құтқарушылар әйелдің денесін тауып, судан шығарды.
"Қазіргі кезде 10 жасар қыз астананың №2 ауруханасында жатыр. Оның жағдайы орташа ауыр", – деп атап өтті Доспаев.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда имам екі ұлымен бірге суға батып кетті
Айта кетейік, шомылу мауысымы басталғалы бері Ақмола облысында үш адам суға кетті. Оның екеуі – жасөспірім. Ал Нұра өзеніндегі трагедия осымен төртінші рет қайталанып отыр. Барлығы шомылуға арналмаған жерде болған.