НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Қазақстанда мектептердің 75%-і қазақ тілінде оқытса, қалған 25%-і – орыс тілді. "Orda News" YouTube-каналына берген сұхбатында білім министрі Асхат Аймағамбетов орта білімдегі үрдістер туралы айтты.
"Қазақ тілінде оқытатын мектептерді таңдайтын ата-аналар саны жыл сайын артып келеді. Бұл мәселеде демография рөл ойнап тұр. Егер сен орыс тілінде білім алғың келсе, бұған тыйым салу деген дүние жоқ", - деді Аймағамбетов.
Министрдің сөзінше, ол Қарағанды облысының білім басқармасын басқарып тұрған кезде-ақ (2014-2017 жылдары) орыс тілді оқытушылар мен орыс тілінде оқитын балалар санының азаю тенденциясы байқалған.
Бұған дейін мектеп оқушылары жаңа оқу жылында дәстүрлі форматқа оралып-оралмайтыны белгілі болды. Білім министрінің айтуынша, барлығы халықты вакциналау қарқынына байланысты болмақ.