Бүкіл әлем бойынша екі миллиардқа жуық адам екпе салдырғанына қарамастан, сарапшылар вакциналау қарқыны баяу жүріп жатқанын айтуда.
Сондықтан әр елдің билігі адамдарды жаппай вакциналау үшін екпе орындарын мейлінше қолжетімді етуге тырысып жатыр. Осы орайда адамның ойына келе қоймайтын жерлерде де вакциналау жүргізілуде. Жылжымалы пункттер ашылып, медицина қызметкерлері шалғайдағы аудандарға барып, үйде екпе салып жатыр. Ерекше орындар ішінде ғибадатханалар, стадиондар, дәмханалар, тіпті стрип-клубтар да бар.
Қазақстанда екпе салу орындары көптеген қалада сауда ойын-сауық орталықтарында ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесуспен виртуалды кездесу барысында ел ішінде қолданылып жатқан және 90% тиімділік көрсеткен отандық QazVac вакцинасының сынақ нәтижелері туралы айтып берді.
ДДҰ басшысы әлі көп мемлекет екі миллион адамды вакциналау деңгейіне жете қоймағанын атап өтті. Ол Қазақстанның халықтың 55%-ін екпемен қамту жөніндегі жоспарын жоғары бағалады.
Вакциналау науқаны әлем елдерінде қалай өтіп жатқанын суреттер топтамасынан тамашалай аласыз.