Қоғам

"СК-Фармация" 179 миллион теңгеге сыйақы береді

© Photo : служба центральных коммуникацийЕрхат Есқалиев
Ерхат Есқалиев - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Сыйақы қызметкерлерге ғана беріледі. Басқармадағылар сыйақы алатындардың тізіміне кірмейді, деп түсіндірді "СК-Фармация" басшылығы

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. "СК-Фармация" басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев өз жалақысының көлемі мен қызметкерлерге берілетін сыйақы сомасын атады.

Оның айтуынша, осы жылы компания қызметкерлері 179 миллион теңгеге сыйақы алады.

"Бұл сыйақы басқарма мүшелерін қамтымайтынын айтқым келеді. Себебі бұл тек қызметкерлер үшін. Бонустық жүйе бойынша бізге (басқарма мүшелеріне) соңғы екі жылдан бері сыйақы берілмейді", – деді Есқалиев ОКҚ брифингі барысында.

Брифингте ол өз жалақысының көлемін айтты.

"Менің жалақым ешқандай да 1,3 миллион теңге емес екенін әркез ашық айтып келемін. Қазір жалақым бір миллион теңгеден аз", – деді Есқалиев.

Өткен жылы компания шығындарға оңтайландыру жүргізіп, нәтижесінде 239 миллион теңге үнемдеген.

"СК-Фармация" басшысы компаниядағы шығындарды оңтайландыру жайлы да айтып берді. Ол ұсынған ақпарат бойынша, байланыс, жөндеу жұмыстары, соттағы тартыстарға қатысты шығындар қысқартылса, имидждік шығындарды толық алып тастаған. Сонымен қатар кеңсені жалдау шығыны да 7 мыңнан 6 мың теңгеге азайтылған (шаршы метр үшін – Sputnik).

Оқи отырыңыз: "СК-Фармация" басшысы 1 миллион теңге жалақы алатын дәрігерлер туралы айтты

Еске салсақ, біраз бұрын денсаулық сақтау саласындағы тағы бір мекеме – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшылығы да өз жалақысы жайлы айтты.

2020 жылдың тамызында қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, ӘМСҚ басшысы Төкежанов топ-менеджер ретінде айына 850 мың теңге көлемінде жалақы алады. Басқарушы құрамның басқа өкілдері – департамент директоры ретінде 300 мың көлемінде еңбекақы алады.

Жаңалықтар
0