НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Қазақстанда Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылады. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің тиісті қаулысы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Құжатта ғылыми институт Қазақстан президентінің 2020 жылдың 18 тамызындағы тапсырмасы бойынша құрылатыны айтылған.
Институтты қаржыландыру ғылымды дамыту жөніндегі бюджеттік бағдарламада көзделген қаражат негізінен жүргізіледі.
Институт қызметкерлері Алтын Орда мұрасын зерттеудің мамандандырылған бағыты бойынша Орта ғасыр кезеңі мен жаңа уақытты қоса алғанда (Жошы ұлысы – Қазақ хандығы) Қазақстанның саяси, этномәдени, әлеуметтік және әскери тарихының негізгі проблемаларына кешенді зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, 2019 жылдың тамызында Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлытау – 2019" халықаралық туристік форумына қатысты.
"Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет", - деп жазды Тоқаев Instagram парақшасында.
Сол кезде мемлекет басшысы Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы ханға құрмет көрсету қажет екенін айтқан болатын.
Жошы хан туралы
Жошы хан 1187 жылы туған. Ол Шыңғысханның үлкен ұлы және Алтын Орданың негізін қалаушы.
Жошының ерекше әскери қабілеті бала күннен байқалған. Жошының әскери қызметі үшін әкесі ұйымдастырған 1223 жылғы құрылтайға қатысуға рұқсат берілген. Құланбасы жазығында Шыңғысхан ұлдарына аумақтық жерді бөліп берді. Жошыға Ертістен батысқа қарай, Жетісудың солтүстік өлкелерінен Еділдің төменгі жағалауына дейін, моңғол жылқысының тұяғы тиген барлық жерді, Дешті-Қыпшақ жері берілді.
Хан ордасы Ертіс жағалауында орналасты.
Тарихи деректерге сүйенсек, Жошы 1227 жылы әкесінің өлімінен алты ай бұрын қайтыс болған. Бір деректерде оны құлан теуіп өлтірген, енді бір деректе әкесі Шыңғысханның бұйрығымен өлтірілгені айтылады. Себебі әкесі Жошы жау жағына өтіп кете ме деп қорыққан.
Оқи отырыңыз: Қазақ тарихшысы таңғаларлық мәлімдеме жасады
Жошының мазары Жезқазғаннан Ұлытауға қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Шыңғысханның үлкен ұлының қабірі XIII ғасырдың бірінші жартысында тұрғызылған.
1982 жылы ол республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді және мемлекеттің қорғауына алынды.