АЛМАТЫ, 3 маусым – Sputnik. Қазақстанда соғыс жылдары кеңестік әскери тұтқындар қатарынан құрылған Түркістан легионының сарбаздарын ақтауды ұсынды. Бұл мәселені саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия көтерді.
"Түркістан легионына қатысқан адамдарды ақтау мәселесі де қарастырылып жатыр. Көбі тұтқынға түсіп, қарсы соғысуға мәжбүр болған ғой", – деді "Қазақпарат" агенттігіне Жабық архив қорларын кезең-кезеңімен құпиясыздандыру жөніндегі кіші комиссияның төрағасы, мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.
Олардың ішінде ақтауға жатпайтындар бар деген уәждер айтылып жатыр. Ондай даулы адамдардың мәселесін жеке-жеке ашып қарау керек, дейді ол.
"Көбі ату жазасына кесілген. Яғни, қудалау көрген. 20-25 жылға айдалғандар бар. Мысалы, Францияда бүкіл тұтқыннан әскер құрған Жамбыл облысының тумасы бар. Сондай қайшылықты тұлғаларды зерттеу керек", – деді Әбдіғалиұлы.
Түркістан легионы деген не
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Түркістан легионы кеңес түркітілдес әскери тұтқындар қатарынан Үшінші рейх басшылығы бастамасымен құрылған. Саясаттану ғылымдарының докторы Бақыт Садықова "Құжаттардағы Түркістан легионының тарихы" кітабында осылай жазған.
Германия аумағындағы 5,7 миллион кеңес әскери тұтқындардың үштен бірін – 1 миллион 700 мыңын түркістандықтар құрады, деп атап көрсеткен автор.
"Кеңестік тарихнамада Түркістан легионының тақырыбы біржақты баяндалды, легионда қалған әскери тұтқындарға беталды айып тағылды. 1918 жылы шетелге қоныс аударған Мұстафа Шоқайдың легионды құрғаны айтылды. Бұл ретте Мұстафа Шоқайдың нацистермен келіскені туралы құжат бойынша дәлелдер келтірілмеді", – делінген кітапта.
Соғыс кезінде легионерлер неміс әскери қызметшілеріне бірнеше рет шабуыл жасаған – "түркістандықтар" өз командирлерін – неміс офицерлерін өлтірді, фашистерге қарсы соғысты. Олар жиі қашып кетіп, партизандарға қосылды немесе Қызыл Армияға оралды.
Түркістан легионы: кім ақталмайды
"Түркістан легионы құрамында жүріп, совет армиясына қарсы шайқастарға да қатысуы мүмкін. Ондай адамдарды ақтау бойынша дау шықса, сот қана баға бере алады", – деді Берік Әбдіғалиұлы.
"Сот аргументтерді қарап, шешім шығарады. Немесе саяси шешім деген бар. Комиссияда арнайы саяси ақтау деген мәселе күн тәртібінде тұр. Мысалы, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхан заңдық тұрғыда ақталған. Ал Шоқай сотталған да жоқ. Бірақ академик Мәмбет Қойгелдиев Мұстафамен байланыста болып, сөйлескені үшін қаншама адам жапа шеккенін айтады. Әміре Қашаубаев, Ғазымбек сияқты адамдар көп", – дейді ол.
Саяси ақтау
Әбдіғалиұлы Мұстафа Шоқай немесе Әлихан Бөкейханға тіл тигізгендерді жазалау керек деп санайды.
"Мұстафа Шоқайға ескерткіш қойып, фильмдер арнап жатырмыз. Оны ақтаудың қажеті де жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ құжат керек. Саяси ақтаудың ең негізгі мәні осыда. Бізде ондайлар шығады. Ертең біреу "Мұстафа Шоқай немістің сатқыны" деген сияқты ой жазып, тіл тигізсе, сол үшін оны жауапқа тартамыз. Президенттің ақтау туралы жарлығында осы талап нақты жазылуы керек. Кім Мұстафа Шоқайға немесе Әлихан Бөкейханға тіл тигізеді, тәртіпке салу керек деген сияқты талап жазылуы керек", – деді ол.
Ол сондай-ақ алашордалықтарға тіл тигізіп, ашаршылық болған жоқ деушілерді де жауапқа тарту керек деп есептейді.
Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандықтарды ақтау
Қазақстанда 1993 жылы "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. 1928, 1931, 1933 жылдары "малды бермейміз, елді сақтаймыз" деген ұранмен бағынбағандардың бір бөлігі ақталмай қалды, деп атап өтті Әбдіғалиұлы.
"Осы комиссияда жүріп құжаттарды көтерсек, көбі 1989-1992 жылдары ақталған екен. Ақталмағандардың көбі – адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған адамдар", – деп нақтылады ол.
1993 жылғы заң бойынша жаппай атуға сотпен және атышулы "үштіктің" шешімімен атылған, сотталғандар кірді.
"Солардың тізімін кеңейткелі жатырмыз. Жер аударылғандар, кәмпескеге түскендер, тіпті ашаршылықтан қиналып, Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызға қоныс аударған босқындарды кіргізбекшіміз. Олардың тізімдері жоқ. Бірақ жүздеп, мыңдап кеткені туралы деректер бар. Комиссия соларды да ақталатындардың тізіміне енгізу мәселесін көтеріп жатыр. Әдістемелік жұмыстар жөніндегі комиссияның төрағасы Сабыр Қасымов деген заңгер құрбандардың қатарын кеңейту бойынша әдістеме дайындауға кірісіп кетті", – деді Әбдіғалиұлы.
Қарулы жасақ
Ал Әбдіғалиұлы комиссия аясында 1927-1933 жылдар аралығында "бандит" атанған қарулы отрядтарды зерттеумен айналысып жатыр.
Батпаққара, Созақ көтерілісі, Маңғыстаудағы Адай көтерілісі, Абыралы көтерілісі туралы мәліметтер бар.
"Солардың бәрінің есімін елге қайтаруымыз керек. Одан басқа да жүздеген отряд болды. Деректерін қарасаң, шынымен шетінен ержүрек болған. Ырғыз, Қарақұм, Қызылқұм көтерілістерін қарасаңыз, мешіттерді қызылдар тартып алып, атқораға айналдырған. Сонда халық аштан қырылып жатқаны үшін емес, діннің аяққа тапталғанына, рухының қорланғанына қарсы шыққан...", – деді Әбдіғалиұлы.
Оқи отырыңыз: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы немен айналысады
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерімен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар құпия мұрағат материалдарына рұқсат алып, белсенді зерттеу жұмысына кірісті.
Айта кетейік, Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.