НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 2022 жылы ұшу-қону жолағын жаңарту үшін жабылады. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға әуежайдың баспасөз қызметі растады.
"Біз келесі жылы ұшу-қону жолағын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт бекітеміз", - деді "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ атқарушы директоры Дәулет Хамзин.
Жөндеу форматы, мерзімі мен жұмсалатын қаржы сметаны әзірлеу кезінде белгілі болады.
"Екінші ұшу-қону жолағын салуға қатысты – бұл біздің ұзақмерзімді жоспарымыз. Оны іске асыру нарықтағы жағдайға, пандемиядан кейін нарықтың тез немесе баяу қалпына келуіне, сондай-ақ әуежайды дамытудың бас жоспарында бекітілген жобалардың жүзеге асуына байланысты болады", - деді ол.
Жөндеу жұмыстары кезінде әуежай толығымен жабылып-жабылмайтыны және ұшақтар қайда бағытталатыны әзірге нақтыланған жоқ.