АЛМАТЫ, 1 маусым – Sputnik. Қазақстанда сотталған әйелдер үш жасқа толмаған баласымен бірге бола алатын жалғыз түрме бар. Ол Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесі. Мұнда қазір 30 келіншек баласымен бірге тұрады, оның бірі бірнеше күн бұрын босанған. Абақтыда туған бүлдіршіндер қалай өмір сүріп жатыр? Сәби 3 жасқа толған соң баласынан жырақта болу туралы анасы не ойлайды? Баланың қоршаудан шыққаннан кейінгі тағдыры қалай болмақ? Sputnik Қазақстан тілшісі әйелдер түрмесіне барып осы сұрақтарға жауап іздеді.
Түрме Алматыдан 40 шақырым жерде орналасқан. Ауылдың ішіндегі бұл мекеменің сырты қоршалған, жан-жағы күзетіледі. Келген-кеткен адам жоқтың-қасы. Ауыл көшелері жасыл түске боялып, жаздың келгенін көрсетіп-ақ тұр. Ал абақты аумағы сұрғылт тартқан, қоңырқай. "Мұнда ешкім ешқайда асықпайды", деді мекеме қызметкерлері нысан ішіне кіргеннен. Себебі дәл осы абақтыда 24 жылға дейін бас бостандығынан айырылғандар бар.
Өзін әйел ретінде сезінеді
Қазақстан бойынша жүкті күйінде абақтыға түскен әйелдің бәрі осы мекемеге тоғытылған. Әйелдер ай-күні жеткенше жалпы бөлімде болады. Барлық тиісті тексеру жүргізіледі. Жүктіліктің 37-38 аптасында медициналық бақылауға алынады. Іле ауданынадағы перзентханада босанып, баласымен бірге балалар үйіне келеді. Сырты дуалмен қоршалып, бөлек оқшауланған балалар үйінде екі қабатты ғимарат, бақша, балалар алаңқайы бар. Мұнда ана мен бала күні-түні бірге жүреді.
Бұл өзгеріс 2016 жылы енгізілген. Оған дейін емізулі баласы бар аналар бекітілген уақыт бойынша таңғы 6 мен кешкі 10 аралығында күніне жеті рет келетін. Ал ересек топтың аналары сәл кешірек келіп, ертерек кететін болған.
"2016 жылға дейін аналар бекітілген уақыт бойынша баласымен кездесуге келетін. Оның тиімді тұсы да бар – балалар өз бетінше жүруге үйренеді. Балалар бір-бір жарым жастағылар және бір жарым-үш жас аралығындағы балалар болып екі топқа бөлінетін. Тәрбиешілер жұмыс істейтін. Көптеген шара өткізетін. Бұл бір балабақша секілді, таңғы 8-де әкеліп, кешкі бес немесе алтыда әкетеді. Бала тәрбиешімен бірге сабақ өткен кезде көңілі бөлінбей, бәрін тез сіңіреді", - дейді ЛА-155/4 мекемесі балалар үйінің бастығы Байрам Асланов.
Айтуынша, мұндай жағдайда анасы баласының қалай өсіп жатқанын көрмейді. Өзгеріс енгізілгеннен бері анасы баласының үнемі жанында болады, тәрбиесін қадағалайды. Тіпті сабағының қалай өтіп жатқанын бақылайды. Осылайша қазір әйелдер сәбиі үш жасқа толғанша олардан ажырамайды.
"Анасы баласын тәрбиелеуге атсалысқан кезде психологиялық тұрғыдан өзін жазасын өтеп жатқан адамнан гөрі әйел сияқты сезінеді. Өзім жұмыс істеген 12 жыл ішінде осында босанған әйелдердің ашулы болғанын көрген емеспін. Босанған әйелдермен психологтар да жұмыс істейді. Бұл жақтағы әйелдерде де босанғаннан кейінгі күйзеліс болады. Бірақ бізде бұл жағдай әлдеқайда тыныш өтеді", - дейді балалар үйінің бастығы.
Түрмеге түскендегі алғашқы ой
Мұнда жазасын өтеп жатқандардың бірі – қарағандылық Анна. Ол үш баланың анасы. Кенжесін абақтыда босанған. Бостандықта ата-анасы мен күйеуі, балалары күтіп отыр. Әлі екі жыл жазасын өтеуі керек Анна бір жылдан кейін баласымен бірге шығуды армандайды. Амнистияға үміт артып отыр.
"Бұл жерге жүктіліктің алтынша айында түстім. Осы жерде босанып, ұлыммен бірге тұрып жатырмыз. Үйде үлкен екі ұлым бар. Кішкентайым қазір екіге келді. Енді бір жыл бірге боламыз, содан кейін тағы бір жыл жалғыз осында боламын. Әжесі мен әкесі ұлымды күтіп жүр. Ұлымның осы жерден шыққан сәттегі эмоциясын көргім келеді. Себебі мұнда тек мысық қана бар, одан басқа жануарды білмейді. Олар мұнда нан алып келетін көлікті көріп, шексіз қуанады. Арасында көмір әкелетін көлікті көреді. Олар үшін темір тордың ар жағындағы әлем – осы ғана. Сондай сәтте ұлымды қолыма алып, осы есіктен бірге шыққым келеді", - дейді мекемеде жазасын өтеп жатқан Анна.
Көліктің көп екенін, автобуспен жүруге болатынын, мысықтан басқа да жануардың көп екенін көреткім келеді. Кілең әйелдің ортасында жүргендіктен әйелдерден бөлек басқа да адамдардың көп екенін білгенін қалаймын. Себебі олар аздаған өзгешелігі бар адамды басында қызық қабылдайтын. Шашы қысқа әйелді "ағай" деп атайтын, дейді ол.
Анна бір жылдан соң баласымен бір жылға қоштасу сәті қалай болатынын қазірден ойлап жүр. Бір жағынан ұлының абақты сыртындағы өмірді көретініне қуанса, екінші жағынан уайымдайды.
"Иә, мұнда бәріміз бір отбасымыз. Сөйлесіп, дос болуға тырысамыз. Бірақ бәрібір мұнда баланың жеке кеңістігі жоқ. Тек өзіне ғана тиесілі, басқа балалар үстіне шықпайтын кереует жоқ. Сондықтан үйге барғанда ол тыныш жерде, өзіне ғана тиесілі заттарға ие болады. Көптеген жаңа заттармен танысатыны туралы ойдың өзі бәрінің орнын басады. Иә, мүмкін бір-екі апта уайымдап, жылармын, бірақ ұлымның бауырларымен бірге болатыны жұбатады", - дейді Анна.
Айтуынша, мекемеде балаларға деген қамқорлық, ас пен қажетті заттың бәрі бар. Бірақ әйел мұны жұмыста немесе балабақшада апталап, айлап, жылдап тұрумен салыстырды. Ол сондай-ақ өзі істеген ісіне өкінетінін жектізді.
"Менен әрекетім үшін өкінесің бе деп сұраса, "әрине" деп жауап беремін. Мен ғана емес, үйінде баласы қалған әйелдің көбі өкінеді. Бәрінен сен осында, ал балаларыңның өзіңнен жырақта екені қорқынышты. Ұлдарым хабарласып, "мектепте аналарды 8 наурыз мерекесімен құттықтадық" деп айтады. Ол жақтағы балаларыңды анасынан жырақ өмір сүруге, ал қолыңдағы балаңның тек анасымен бірге тұруына мәжбүрлегенің қорқынышты. Ұлымның бұл жерде жағдайы жақсы, бірақ оның мұнда әкесі, әжесі, ағалары мен әпкелері жоқ", - дейді Анна көзіне жас алып.
Оның сөзінше, босанған соң баласын бірден туыстарына беріп жіберу бұдан да қиын болар еді. Себебі ана мен баланың арасында ажырамас байланыс бар. Жалғыз болса, терең ойдың тұңғиығына түсіп кетуі де мүмкін. Мысалы, баланың алғашқы тісі шыққанда ештеңе істей алмайды. Ауырып қалса, жәрдемдесе алмайды. Осы ойдың өзі ауыр.
"Жанында жүргенде бақыттың не екенін түсінбейсің. Сен кеткенде балалар ұйықтап жатады. Сен келгенде ұйықтап қалады. Ал осы жерге түскенде бәрінің бір-ақ рет берілетінін түсінесің. Балаң бір-ақ рет 2, 3, 5 жаста болатынын ұғасың. Алғашқы махаббат та бір-ақ рет болады. Сондай сәтте сен балаңның жанында болуың керек. Сынаудың қажеті жоқ, бірақ дос болу қажет. Мұнда келетін алғашқы ой – шыққан соң ең алдымен отбасыңа көбірек көңіл бөлу", - деп түйіндеді әйел.
Өзгенің баласы деген түсінік жоқ
Түрмедегі балалар үйінде үш жасқа дейінгі балалар тұратындықтан, алғашқы білім беру процесі осында өтеді. Себебі балалар үйі балабақша әдісімен ұйымдастырылған. Балаларды топқа бөліп, дамуы үшін сабақ өтеді. Мұнда бір дәрігер, төрт медбике бар. Сондай-ақ тәрбиешілер, психологтар жұмыс істейді. ЛА-155/4 мекемесі балалар үйінің бастығы Байрам Асланов сол жердің педиатр-дәрігері. Оның сөзінше, мамандар жазасын өтеу мекемесіне түскен әйелдермен сотталушы ретінде емес, баланың анасы ретінде тілдеседі.
"Әйелдерге балаға қалай күтім жасау қажет екенін үйретемін. Мұнда әйелдермен сотталушы ретінде емес, баланың анасы ретінде тілдесемін. Оларға "сен мына бап бойынша, ал сен мына бап бойынша түстің" деп айтпаймыз", - дейді педиатр-дәрігер.
Мекеме үш жасқа дейінгі балаға арналғандықтан, үш жасқа толғанда 5 күн ішінде олар Бағанашыл кентіндегі балалар үйіне беріледі. Немесе жазасын өтеп жатқан әйелдің туыстарына табысталады. Кей жағдайда анасымен бірге бостандыққа шығады. Баланы балалар үйіне немесе туыстарына беретін кезде әйелдермен психологтар жұмыс істейді.
9 жылдан бері осы мекемеде тәрбиеші болып жұмыс істейтін Назгүл Көмекбаева мұнда бөтеннің баласы деген түсінік жоқ екенін, ал балалардың тұйық бірақ көпшіл болып өсетінін айтты.
"Балалар үйіне барған балалардың қалай оқып жүргенінен хабар алып отыруға мүмкіндік бар. Кейінгі жылдары 3 жасқа толған соң балалар үйіне жіберілетіндер азайды. Ұмытпасам, мұндай жағдай ең соңғы рет 2 жыл бұрын болды. Қалған балаларды туыстары алып кетті. Анасы жылап қалады, баласын туыстарына берсе де жылайды. Көп жағдайда баланы әкесі болса, әкесіне немесе ата-әжесіне табыстайды. Мұнда өскен балалар тұйықтау болады. Бұл жерде бәрі бірдей, аналар балаларды бөлмейді. Анасы бір жерде жұмыс істеп жатса, екіншісі қарап отырады", - дейді мекеме тәрбиешісі.
Қоғамнан алшақ өткен үш жыл
Мұндағы балалар ас-судан тарықпағанымен, 3 жыл қоғамнан алшақ өмір сүру – қасірет екені хақ. Түрлі тағдырмен темір торға тоғытылғандар өзін ақтап алуға тырыспайды, мүмкін баласының біраз мүмкіндіктен қол үзгеніне өзін кінәлауы да мүмкін. Алайда шындық біреу – бұл сәбилердің еш жазығы жоқ.
Мұнда бүлдіршіндер әлемді өздері тұратын үйдің ауласымен ғана өлшей алады. Ал оның сыртындағы әлемді анасының әңгімесінен ғана естиді. Себебі қоршалған аумақтан балаларға шығуға болмайды. Жазасын өтеп жатқандардың сөзінше, балалар сол есікке қарай жүгіреді, шығуға ұмтылады.