Денсаулық

Адам естен танған кезде алғашқы көмек қалай көрсетіледі

© Photo : Рixabay/JamesReinПервая помощь, иллюстративное фото
Первая помощь, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2021
Жазылу
Шок, күйзеліс, шаршау немесе ауырсыну кезінде қысқа уақыт ес жоғалту талып қалу деп аталады. Мұндай жағдайда адамның есін тез жиғызуға болады. Алайда бұл міндетті түрде дәрігерге қаралуды қажет ететін маңызды себеп

Бас миы қанмен бірге жететін оттегіге және негізгі қоректендіруші зат – глюкозаға тәуелді. Бұл заттардың қажетті деңгейде миға жетпеуінен жүйке жасушалары тиісті көлемде энергия ала алмайды да, жүйке жүйесінің жұмысына зақым келеді. Егер қан ағысы уақытша азайса, онда миды қорғау механизмі іске қосылып, жүйке жүйесі басқа дене мүшелерінен қажетті қан және оттегіні алады да, миды басқа органдардың есебінен қоректендіреді.

Ми денедегі қанды мейлінше белсенді айдаған кезде тыныс алу жиілігі (гипервентиляция), сондай-ақ жүрек жиырылуының жиілігі ұлғаяды да, артериалық қысым төмендейді (гипотония туындайды). Гипервентиляция мен гипотония бірігіп уақытша естен тануға (синкопальді күйге) алып келуі мүмкін немесе адам жаурауы, қатты терлеуі, құсқысы келуі, басы айналуы мүмкін. Әдетте естен тану алдындағы күй тез туындайды. Кейде көз қарауытуы да ықтимал.

Аз уақыт естен танудан кейін артынша адам қайта ес жияды. Талып қалу кезінде бұлшықет тонусы жоғалып, адам құлауы немесе аяғынан тік тұра алмауы мүмкін. Адам не себепті естен танатынын түсіну үшін ми мен жүйке жүйесінің жұмысына шолу жасаған дұрыс болады.

Ми екі жартышар, мишық және ми бағанасын қоса алғана бірнеше бөліктен тұрады. Жүйке жүйеcін оттегі және глюкозамен қамтамасыз ету үшін оған үздіксіз қан ағымы қажет. Адамның сау жүруі үшін кемінде мидың бір жартышарын және ми бағанасында орналасқан ретикулярлы формация деп аталатын аумақты іске қосу керек.

Естен тану кезінде не ретикулярлы формация уақытша қанмен жабдықталмай қалады, не екі жартышарда да уақытша қан, оттегі немесе глюкозасыз қалады. Егер қан құрамындағы қант көлемі қалыпты болса, талып қалу туындау үшін қан ағымы бүкіл мида немесе ретикулярлы белсенді жүйеде аз уақытқа бұзылуы керек.

Естен тану белгілері

Адам талып бара жатқан кезде өзінің есін жоғалтып алғанын және жерге құлағанын түсінбейді. Зардап шеккен адам есін жинаған соң ғана не болғанын түсінеді. Ол талып қалу алдында мынандай күйді сезінеді:

  • құсқысы келу және бастағы шуыл;
  • жүрек айну;
  • тершеңдік, қалтырау;
  • әлсіздік;
  • бас айналу;
  • көздің көруінің нашарлауы немесе көз алдының бұлыңғырлығы;
  • құлақтың шуылдауы;
  • денеде діріл пайда болуы.

Талып қалу алдындағы күй де дәл осындай болуы мүмкін. Бірақ адам толығымен есінен танбайды. Синкопальді күйден кейін адам қалыпты психикалық функцияға оралады. Алайда естен танудың негізгі себебіне байланысты басқа да симптомдар болуы мүмкін. Мысалы, егер адамда жүрек талмасы болса, онда ол кейде тұсындағы ауырсынуға немесе қысымға шағымдануы мүмкін.

Талып қалу себептері

Талып қалудың негізгі себебі – миға қан баруының күрт төмендеуі. Оған мыналар себеп болуы мүмкін:

  • жүрек қан айдай алмайды;
  • қан қысымын ұстап тұру және қанды миға жеткізу үшін қантамырларда тонус жеткіліксіздігі;
  • қантамырлардың ішінде қан немесе сұйықтық тапшылығы.

Бұл үш себептің үйлесімі де болуы мүмкін.

Естен тану түрлері

Ықпал ететін себептер мен даму механизмдеріне қарай талып қалудың бірнеше түрі бар.

Вазовагальді естен тану – ең жиі кездесетін және көп таралған түрі. Бұл жағдайда химиялық заттар – адреналин және ацетилхолин арасындағы теңгерім бұзылады. Адреналин ағзаны ынталандырады, соның ішінде жүрек қағысын жылдамдатады және қантамырларды тарылту арқылы қан қысымын арттырады.

Ацетилхолин керісінше жұмыс істейді. Кезбе жүйке ынталандырылған кезде ацетилхолин көптеп шығарылады да, жүректің жиырылуы баяулап, қантамырлары кеңейеді. Ал бұл өз кезегінде қантамырларындағы қан айналымын және миға қанның жетуін қиындатады. Міне, дәл осы процесс адамның естен тануына алып келеді.

Кезбе жүйкені қатты ауырсыну ынталандыра алады. Жағдаяттық стрессорлар да дәл осылай әсер етуі мүмкін. Әдетте медицина мамандығы бойынша оқып жүрген студенттер алғаш рет ота жасау процесіне қатысқанда, қанды көріп талып қалады. Кейбір адамдар жағымсыз жаңалық естігенде естен танады. Біреулер ем-шаралары кезіндегі инъекциядан қорқып, есін жоғалтуы мүмкін.

Төмен қан қысымымен, сусыздану немесе анемиямен байланысты естен тану (постуральді гипотензия). Мұнда бірнеше нұсқа бар.

Жүктілік. Естен тану жүктілікпен байланысты болуы мүмкін. Бұл жатырдың ұлғаюы салдарынан қанды жүрекке қайтаратын үлкен тамырдың қысылып қалуы және ортостатикалық гипотензия болады.

Төмен қан қысымы (ортостатикалық гипотензия). Адамның қимыл-қозғалысы кезінде өз гравитациясын ұстап тұруы үшін қантамырлары үнемі тонуста болуы керек. Адам жатқан күйден орнынан тұрған кезде вегетативті жүйке жүйесі (саналы түрде бақылауда тұрған мидың бір бөлігі) қантамырларын күрт тарылту арқылы оның қабырғаларындағы тонусты арттырады да, дәл сол уақытта қан миға жылдамырақ жетуі үшін жүрек жиырылуының жиілігін ұлғайтады.

Жас ұлғайған сайын қантамырлар созылғыштығы бәсеңдейді де, туындаған ортостатикалық гипотензия (адам тұрған кездегі қан қысымының төмен болуы) естен тануға себеп болуы мүмкін.

Қан аздығы немесе анемия (эритроциттер мен гемоглобинның төмен деңгейі). Ол қан кету кезінде немесе түрлі себептер бойынша туындауына қарамастан қанның аздығы да естен тануға алып келуі мүмкін. Себебі оттегіні миға жеткізу үшін қажетті қанның қызыл жасушалары жеткіліксіз болады.

Сусыздану немесе ағзадағы судың тапшылығы да естен тануға алып келеді. Бұл құсу, диарея, терлеу немесе аз су ішуге байланысты шамадан тыс су жоғалтуға байланысты. Диабет секілді ауру түрлері де, несеппен бірге ағзадағы сұйықтықтың шығуы салдарынан да сусыздану болады.

Жүректің күрт тоқтауы, жүрек қақпақшаларының зақымдалуы немесе құрылымдық өзгерістерге байланысты жүрек талмасы. Жас жігіттерде, әсіресе спортшыларда жүрек бұлшықетінің бөліктері аномальді қалыңдауы (гипертрофиялық кардиомиопатия) салдарынан естен тану болуы мүмкін.

Жүрек қақпақтарының зақымдалуы да адамның талып қалуына себепші бола алады. Қақпақтар жүрек жиырылған кезде қанның дұрыс бағытта ағуына мүмкіндік береді. Қақпақтардың ақауы тарылуға немесе жетіспеушілікке алып келеді. Бұл жағдайдың қай-қайсысы да қауіпті.

Жүректің құрылымдық проблемалары естен тануды тудыруы мүмкін. Оған жүректің қанды жеткілікті мөлшерде айдай алмауы немесе жүрек қақпақтарының зақымдалуы себеп болады. Жүрек бұлшықеті зақымдалған немесе қабынған кезде ол ағзаның қажеттіліктерін қанағаттандыратындай деңгейде қанды айдай алмайды.

Жүрек ырғағының өзгеруі (жүрек қағуының жиілеуі және тахикардия). Жүрек ырғағының өзгеруі де естен тануға себеп болады. Көп жағдайда естен тану эпизодтары ағзаның қалыпты жұмысының уақытша өзгеруінен пайда болады. Тахикардия және фибрилляция сияқты жүрек ырғағының өзгеруі қауіпті және естен танудың өлімге әкелетін себептері болды.

Жүрек қағуының жиілігі немесе тахикардия – бұл жүрек ырғағының аномальді жұмыс істеуі. Сондықтан жүрек тым жиі соққандықтан, оның арасындағы уақыт өте қысқа болып, жүрек қанға толып үлгере алмай қалады. Ал бұл процесс адам өмірі үшін аса қауіпті.

Вертебробазилярлы артерия ауруы. Бас миындағы қантамырларының ағзадағы басқа қантамырлардан еш өзгешелігі жоқ және жас ұлғайған сайын тарылу қаупі артады. Оған темекі шегу, жоғары қан қысымы, холестериннің жоғары деңгейі немесе диабет себепші болады. Ұйқы артериясынан бөлек миды қанмен жабдықтауға вертебробазилярлы жүйе де қатысады. Орта мидағы қан ағымының бұзылуы кезінде ретикулярлы формация істен шығып, ол естен тануды тудырады.

Электролитті теңсіздік, дәрі-дәрмектің әсері. Электролитті және гормоналды бұзылу да естен танудың себебі бола алады. Алайда бұл себептер олардың жүрек пен қантамырларына әсерімен байланысты.

Есірткі заттары мен дәрі-дәрмек те талып қалудың себебі бола алады:

  • қантамырларын кеңейте алатын жоғарғы қысымға қарсы препараттар;
  • жүректің электрлік белсенділігіне ықпал ете алатын антидепрессанттар;
  • ауруды басатын дәрі, алкоголь және кокаин секілді психикалық күйге әсер ететін құралдар.

Естен тану кезіндегі алғашқы көмек

Естен тану – себебі аса ауқымды болмаса да, бұл қалыптан тыс әрі алаңдауға тұрарлық жайт. Егер адам тыныс алмаса немесе оның тамыр соғысы байқалмаса, онда тез арада жедел жәрдемге хабарласу керек. Егер науқас тыныс алып жатса, онда оны ыңғайлы жерге жатқызып, есін жинауға көмектесіңіз.

Қалай көмектесу керек:

  • егер адамның басы айналса, онда оны қолтықтап, ол құлап кетпей тұрып ақырын еденге түсіріңіз;
  • кез келген тар киімді босатыңыз;
  • аяғын көтеріңіз – бұл қан қысымын көтеріп, аяқтағы бас қантамырлардан жүрекке қарай қан ағысын бәсеңдетеді;
  • маңдайына салқын шүберек қойыңыз;
  • науқас толық сауықпайынша орнынан тұрмауын қадағалаңыз.

Науқас жылдам өз-өзіне келуі мүмкін. Бірақ ол ақырын отыра алатынын сезбейінше жата тұрғаны дұрыс. Егер әлі де әлсіздік сезіп тұрса, оны қайтадан жатқызыңыз. Науқастан бұл оның бірінші рет естен тануы ма, жоқ па, сұраңыз. Егер бұл жағдай бірнеше рет қайталанған болса, оған дәрігерге қаралуға кеңес беріңіз.

Естен тануды емдеу

Естен танып қалатын адамды тиімді емдеу үшін оның талып қалу себептерін анықтау қажет.

Диагностика

Талып қалу себептерін анықтау үшін көптеген тексерулер мен зерттеулер қолданылады:

науқастың бұрынғы сырқаты – адамның бұған дейін қандай сырқатқа тап болғаны және қандай аурумен ауырғанын анықтау арқылы талып қалу себептерін табуға болады. Науқастың естен тануы кезінде жанында болған адамдар да бұл жағдайдың не себепті болғанын айтып беру арқылы маңызды фактілерді анықтауға ықпал ете алады;

толық тексеру – дәрігер талып қалу себебін анықтау үшін симптомдарды іздейді;

жүрек мониторингі – жүрек ырғағының бұзылуы біресе пайда болып, біресе жоғалып кетуі мүмкін және бұл тексеру кезінде анықтала бермейді. Холтеровский мониторы арқылы жүректі тексеру кезінде осы аппараттың 24 немесе 48 сағат немесе 30 күндегі жазбасын зерттеу арқылы естен тану себебі белгілі болады.

  • электрокардиограмма (ЭКГ);
  • қан талдауы, глюкоза деңгейін анықтау;
  • бүйректі тексеру;
  • қалқанша без жұмысын бағалау;
  • қиғаш үстел тесті (ортостатикалық реакцияларды анықтау). Бұл әдіс ортостатикалық гипотонияны анықтау үшін және амбулаториялық жағдайда жүргізіледі.
  • КТ (компьютерлік томография) немесе МРТ (магнитті-резонансты томография).

Көп жағдайда бұл тесттер қалыпты болады. Сондықтан медицина мамандары адамның талып қалуы оның өмірі үшін қауіпті емес деп пайымдайды. Әйтсе де ауруханада немесе амбулаториялық жағдайда қосымша тексеру қажет пе, жоқ па, оны науқас пен дәрігер шешеді.

Заманауи емдеу шаралары

Егер естен тану эпизодтары тез қайтып, адам қалыпты күйіне қайта оралса, онда емдеу шараларын дәрігермен кеңесіп барып анықтаған дұрыс.

Ал егер талып қалу жағдайы тез қайтпаса немесе қайталана берсе, онда науқасты ауруханаға жатқызып, ол жүрек мониторына қосылады және оттегімен тамыріші арқылы жабдықталады.

Сонымен қатар глюкоза деңгейін тексеру үшін қандағы қант құрамына да сәйкес тексеру жүргізіледі. Жалпы естен тану себептерін емдеу әр науқас үшін жеке-дара тағайындалады.

Үй жағдайында талып қалудың алдын алу

Адамның естен тану себептерін анықтау арқылы оның алдын алуға болады. Мысалы, вазовагальді эпизодтар болған науқас отыру немесе жату арқылы естен танудың алдын ала алады.

Ортостатикалық гипотензиясы бар егде жастағы адамдар орнынан тұрғаннан кейін бірнеше секунд қозғалмай күтуі керек. Бұл ағзаның қайта қалыпты жұмысқа кірісуі үшін қажет.

Егер естен тану эпизодтарына дәрі-дәрмек әсер етсе, онда оны қабылдау мөлшерін қайта қарастырған дұрыс.

Адам ағзасының сусыздануы салдарынан талып қалу болса, онда тиісті көлемде су ішкен абзал.

Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

Адамның естен тануы мүмкін екенін қалай түсінуге болады?

Мына жағдайдағы адамдарда естен тану қаупі жоғарылайды:

  • қандағы қант деңгейінің төмен болуы (гипогликемия);
  • анемия;
  • ішке қан кету секілді қанның тез жоғалуына алып келетін кез келген жағдай;
  • жүрек және қанайналым проблемалары;
  • күн өту;
  • тамақтану тәртібінің бұзылуы (мысалы, анорексия және булимия);
  • уытты шок синдромы.

Күннің ыстығында бір орында ұзақ уақыт тұрған адамдар да естен танып құлауы мүмкін. Сонымен қатар естен тануға аяқ астынан болған қорқу немесе күйзеліс сезімі де әсер етеді. Сол сияқты адам орнынан тез тұрса да миға қан тез жетпеуі салдарынан есінен танып қала жаздауы мүмкін.

Талып қалған адам жиі бас айналу, жүрек айну, әлсіздік немесе көру қабілеті нашарлау секілді күйді бастан өткізеді және оның терісі суық, жабысқақ немесе боп-боз болуы мүмкін. Адам қимылсыз тұруы және үнсіз болуы мүмкін.

Талып қалу қауіпті ме?

Адам қандағы қант деңгейінің төмендігі немесе бір орында ұзақ уақыт тұруына байланысты естен танып құлауы мүмкін. Сонымен қатар мұндай жағдайға адамның денсаулығындағы елеулі ақау да себеп бола алады.

Адам есін жоғалтқан кезде тұншығып қалуы мүмкін. Сондықтан тыныс алу жолдарының таза және бос болғаны дұрыс.

Адам талып қалған кезде өліп кетуі мүмкін бе?

Естен тану адамның өліміне әкелмейді. Бірақ дер кезінде көмек көрсетілмесе және адам жарақаттанған болса, онда бұл жағдай қайғылы ақталуы мүмкін. Сондықтан адам талып қалса, оған алғашқы көмек көрсетудің маңызы зор.

Жаңалықтар
0