Оқиға

Есіл өзенінде ер адамды ұйық тартып кетті

CC0 / AI Leino / Спасательный круг
Спасательный круг - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2021
Жазылу
Қостанай облысынан қонаққа келген ер адам отбасы мүшелері мен достарының көз алдында суға батқан

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында жас жігіт өзенге секіріп, қаза тапты. Бұл туралы облыстық азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Кирилл Иванников брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оқиға Ғабит Мүсірепов ауданындағы Урожайное ауылының жанында болды.

Олар отбасымен Есілдің жағасында демалған. Ал ол жердегі жағалау биік әрі тік және судың асты тегіс емес болған.

"27 жастағы ер адам жартастан секіріп, жүзіп келе жатқанда ұйыққа тап болған. Содан шыға алмай, күші сарқылған соң суға батып кеткен. Жергілікті тұрғындар мен куәгерлер 40 минут ішінде суға батқан адамның денесін алып шықты", – дейді Иванников.

Ер адам отбасымен бірге Қостанай облысынан достарына қонаққа келген деп түсіндірді ол.

"Негізінен, бұл аймақта шомылуға тыйым салынған. Өйткені, ол жерде құтқарушылар мен инфрақұрылым да жоқ және акватория бойынша зерттеу жүргізілмеген. Ал демалушылар ол жерде шомылуға тыйым салынғанын біле тұра, суға түскен", – дейді басқарма қызметкері.

Айта кетейік, бұл биылдыққа шомылу кезінде адам қайтыс болуының алғашқы дерегі десек те, мамыр айының ортасында Солтүстік Қазақстан облысында суда болған апат салдарынан үш адам көз жұмған.

Шомылу маусымы дронмен бақыланады

Ресми дерек бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 60-қа жуық өзен, екі мыңнан астам көл мен жүздеген көлшік бар. Бірақ олардың барлығы шомылуға жарамайды. Облыстық әкімдік қаулысымен 12 су қоймасында (11 көл және Есіл өзені) орналасқан 58 жаппай демалыс орны анықталған.

Алайда, барлық тыйымдар мен ұсыныстарға қарамастан, солтүстікқазақстандықтар тиісті жерлерде шомылуға немқұрайлы қарап келеді. Сондықтан да тәртіп сақшылары құтқарушылармен бірге тәртіп бұзушыларды анықтау үшін үнемі рейдтер өткізеді.

Осы мақсатта алдағы уақытта заманауи әдістерді қолдана отырып, атап айтқанда дрондардың көмегімен тыйым салынған жерлерде шомылатындарды анықтау көзделіп отыр.

"Шомылуға болмайтын жерлерге тыйым салу белгілерін қойдық. Сондай-ақ, мобильді топ құрып, арнайы рейд жүргіземіз. Тіпті, дрондарды да қолданатын боламыз", – дейді Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков.

Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда ер адам көлігімен бірге өзенге батып кетті

Жаңалықтар
0