Өңірлер

Батыс Қазақстанда мектеп директоры сотталды

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өтуСтатуя Фемиды
Статуя Фемиды - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.05.2021
Жазылу
Директор өзінің қарамағындағыларға оқушының зорланғанын құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салған, деді судья сот үкімін жариялау кезінде

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы мектептің бұрынғы директоры Лариса Қожахметова оқушы қызға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін хабарламағаны үшін сотталды, деп жазды "Мой город" порталы.

Лариса Қожахметоваға Қылмыстық кодекстің "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша айып тағылды.   

Сот әйелді кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады. Үкімді судья Ілияс Іргебаев жариялады.

2019 жылдың наурыз айында Жаңақала ауданы мектеп-гимназиясының директоры Лариса Қожахметова мектептің психологтарынан және бесінші сынып оқушысынан қыздың өгей әкесі жыныстық зорлық жасағанын білген.

"Осыдан кейін Қожахметова мектеп ұжымын өзінің кабинетіне жинап, қарамағындағыларға болған жағдай туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға тыйым салған. Сонымен қатар оқушының анасынан қызды басқа мектепке ауыстыруын талап еткен. Қожахметованың қылмыстық әрекетсіздігі салдарынан өгей әке тағы екі рет жыныстық зорлық жасаған. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен дәлелденді", - деді судья.  

Лариса Қожахметованың адвокаты Айсұлу Биялиева сот шешімімен келіспейтінін және шешімге шағымданатынын мәлімдеді.

"Бүгін біз соттың заңсыз және негізсіз үкіміне куә болдық. Судьяның шешімін заңсыз деп санаймыз. Біз Жоғарғы сотқа дейін барамыз, бұл үкімге шағымданамыз", - деді адвокат.  

Сот талқылауы барысында прокурор соттан Лариса Қожахметованы төрт жылға бас бостандығын шектеуді сұрады.

Оқи отырыңыз: Өгей әкенің қылмысын жасырды деп айыпталған директор соттағы соңғы сөзін айтты

Бұған дейін хабарланғандай, 2019 жылы Жаңақала ауданының тұрғыны Жақсыбай Сұлтанов өгей қызына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекеттер жасады деген күдікке ілініп, 2020 жылы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейіннен қыз оқыған мектеп-гимназия директорына қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болды. Тергеу мұғалімдер бұл оқиға туралы білгенін және құқық қорғау органдарына әдейі хабарламағанын мәлімдеді.

Жаңалықтар
0