Іш кебудің себептері
Ішекте газдың түзілуі - бұл қалыпты физиологиялық процесс. Кейбір ауа тамақпен бірге жұтылады (аэрофагия). Бірақ газдардың көп бөлігі тағамды өңдеу нәтижесінде түзіледі және ішек микрофлорасы арқылы бөлінеді. Дені сау адамның асқазанында тәулігіне шамамен 600 миллилитр газ түзіліп шығарылады. Бірақ метеоризм (жоғары деңгейде газ түзілуі) кезінде газдың мөлшері 3-4 литрге жетеді де, нәтижесінде науқастың асқазаны ұлғаяды.
Ішек газдарының негізіне метан, күкіртті сутек, азот, аммиак, көмірқышқыл газы, оттегі, сутегі және т.б жатады. Газдар ішек қабырғасын бойлай орналасады және көбік түзетін көпіршіктер түрінде болады.
Жоғары деңгейде газ түзілудің себебі көп болуы мүмкін және оны бір белгісі арқылы ғана анықтау мүмкін емес.
Метеоризм тамақтану режимін сақтамау, сондай-ақ ауа жұту салдарынан болуы мүмкін. Аэрофагияның (ауа жұту) негізгі себептері мыналар:
- Тамақтану кезінде сөйлесу;
- Темекі шегу;
- Жүре тұрып тамақтану;
- Сағыз шайнау;
- Сапасыз протез қолдану және т.б.
Газ түзілу асқазан-ішек жолдарының мынандай ауруларының симптомы болуы мүмкін:
- Гастрит;
- Энтерит;
- Колит;
- Холецистит;
- Гепатит;
- Крон ауруы;
- Ішек құрт инвазиялары;
- Ішектің қатерлі ісігі;
- Созылмалы панкреатит;
- Ішек инфекциялар (сальмонеллез, дизентерия және т.б.).
Сонымен қатар лактозаны да газ түзілудің бір себебі ретінде атауға болады. Бұл сырқат кезінде науқастың асқазанында лактаза – сүт құрамында болатын көмірсу – лактозаны ыдырата алатын фермент болмайды.
Іштің кебуін тудыруы мүмкін тағы бір синдром – целиакия. Бұл дертке шалдыққан кезде ағзада дәнді дақылдардың құрамында болатын ағуыз – глютенді қайта өңдеуге арналған фермент жетіспейді.
Тітіркенген ішек синдромы кезінде де асқазанда газ түзілі арта түседі. Бұл ауру ер адамдарға қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Соңғы уақытта ғалымдар бұл аурудың пайда болуына күйзеліс, күйініш, депрессия себеп екенін айтуда.
Сонымен қатар әйел адамдардағы іш кебуге етеккір келер алдындағы кезең, аднексит, жатыр миомасы, жатырдан тыс жүктілік те себеп болады.
Іш кебуді тудыратын азық-түлік
Іштің кебуіне әкелетін азық-түлікке ең алдымен газдалған сусын, сыра, квас және т.б. жатқызылады.
Газдың көп түзілуіне мына азық-түліктер де себепші бола алады:
- Бұршақ дақылдары - үрмебұршақ, асбұршақ, жасымық;
- Сүт және сүт өнімдері
- Кейбір көкөністер - орамжапырақ, пияз, балдыркөк, шалғам;
- Дәнді дақылдар - жүгері, кебек, бидай ұрығы;
- Қамырдан дайындалған өнімдер - орама, тәтті тоқаш, пицца.
Іш кебуді емдеу
Іш кебуді емдеу оның туындау себебіне байланысты болады. Егер іш кебу тамақтану рационының өзгеруі, әдеттегіден өзгеше тамақ жеу нәтижесінде туындаған болса, онда емдеудің негізі диетаға қатысты болады. Газ түзетін тағамдарды – газдалған сусын, бұршақ дақылдары, сүт өнімдері мен тәттілерді шектеуге тура келеді. Сонымен қатар темекі шегу, тамақтану кезінде әңгімелесу, сағыз шайнау секілді зиынды әдеттерден арылу керек.
Дәрі-дәрмек
Егер газ түзілуге асқазан-ішек жолдарының ауруы себеп болса, онда емдеу кешенді сипатта болады және іштің кебуін тудырған негізгі себепті жоюға бағытталады. Осы мақсатта метеоризмді жоятын дәрілік заттар тағайындалуы мүмкін. Оларға мыналар жатады:
- Энтеросорбенттер – энтеросгель, смекта, неосмектин, белсендірілген көмір. Бұл препараттар ағзадан іш кебуге әкелетін токсиндерді сіңіреді және ағзадан шығарады;
- Көбікті басатын препараттар – симетикон (Эспумизан). Газ көпіршіктері ішекте көбік түзеді. Эспумизан газ көпіршіктерінің пайда болуын басады да, нәтижесінде іш кебу симптомдары басылады;
- Асқазан сөлінің ферменттері – көмірсулар мен ағуыздардың қорытылуын жеңілдетеді.
Халық емі
Іш кебуді емдеу үшін халық арасында кең тараған әдістер де қолданылуы мүмкін. Метеоризмді емдеуде "жел айдайтын" емдік заттар қолданылуы мүмкін. Мысалы:
- Аскөк пен фенхель дәндерінің қайнатпасы;
- Жалбыз, фенхель, шүйгіншөп тамырының шөпті жинағы.
Іш кебу кезіндегі диета
Іш кебуді тиімді емдеу, сондай-ақ оның алдын алу үшін науқастар диета ұстануы керек. Тамақ тым суық, бірақ тым ыстық болмауы қажет. Қайнатылған немесе бұқтырылған тағамдарға басымдық берген жөн. Қуырылған және ысталған, ащы, майлы тағамдарды рационнан алып тастау керек. Күн сайын көп мөлшерде су ішу керек - күніне кемінде 1,5-2 литр сұйықтық ішу маңызды. Ас мәзіріне сүт қышқылды өнімдер, майсыз ет, ботқа секілді диеталық тағамдарды енгізу ұсынылады.