Қоғам

QazVac сыналуға тиіс болған маймылдар қашып кеткен бе - институт түсініктемесі

© Sputnik / Ekaterina Chesnokova / Медиабанкке өтуДетеныш капуцина плаксы в Московском зоопарке
Детеныш капуцина плаксы в Московском зоопарке  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.05.2021
Жазылу
Біраз бұрын зерттеу институты қашып кеткен макакаларға қатысты ақпаратты жоққа шығарып, алдымен мән-жайды анықтау керектігін ескерткен болатын. Кейіннен жеткізушінің расында да алты маймылдың төртеуінен көз жазып қалғанын мойындады

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр — Sputnik. Қазақстандық вакцинаны сынақтан өткізу алдында қашып кеткен макакаларға қатысты оқиғада тың дерек пайда болды.

Алдымен БАҚ-та 2020 жылдың күзінде Отарға тасымалдау кезінде бірнеше маймылдың қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл жануарларға коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны сынау жоспарланған еді.

Маймылдарға қатысты бұл тосын жағдай әлеуметтік желіде қылжақ суреттер – мемдердің таралуына себеп болды.

Кейіннен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының басшылығы макакалардың қашуы туралы хабарлама шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Бүгін Sputnik Қазақстан редакциясына жоғарыда аталған зерттеу институтынан жаңа жауап келіп түсті. Институтта атап өткендей, жеткізуші бірнеше макакадан көз жазып қалғанын мәлімдеген.

"2020 жылдың 9 шілдесіндегі мемлекеттік сатып алулар туралы шартқа сәйкес "Шерхан" жеке кәсіпкерлігі 2020 жылдың 24 шілдесіне дейін алты ересек маймылды жеткізу туралы міндеттеме алды. Алайда жеткізуші шарттың мерзімі ішінде тек екі макаканы жеткізген. Олар қалған төрт жануарды жеткізуге түрлі себептер, соның ішінде тасымалдау кезінде жоғалтып алуы кедергі болғанын атап өткен", - деп жазылған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының жауабында.

Институт ұсынған ақпаратқа сәйкес, жеткізушімен арадағы шарт бұзылған. Бірақ мемлекетке және институтқа ешқандай шығын келтірілмеген.

Оқи отырыңыз: ДДСҰ басшысы қазақстандық вакцина туралы мәлімдеме жасады

Бұған дейін хабарлағандай, қазақстандық вакцинаның (QazVac) қауіпсіздігі ақ тышқан, теңіз шошқасы, сириялық атжалман, күзен, ақ егеуқұйрық, резус-макакаларға жүргізілген сынақ нәтижесімен дәлелденген. Алайда елімізде зертханалық маймылдар – резус-макакалар мекендейтін арнайы орындар болмағандықтан, зерттеу жұмыстарының бір бөлігі Сочидегі приматология институтында жүргізілді.

Жаңалықтар
0