Видео

Нұр-Сұлтанда жауыннан кейінгі ағын су мәселесі қалай шешіліп жатыр – видео

Жазылу
Бірнеше жылдан бері Қазақстан астанасындағы нөсер жауыннан кейін пайда болатын ағын су мәселесі күн тәртібінен түскен емес

Ал соңғы аптада елордада ауа температурасы 30 градустан түспей-ақ қойды. Десек те, астана жазда нөсер жауынсыз болмайды. Ал қала билігі 2021 жылдың соңына дейін оң жағалаудағы проблемалы аймақтардағы су тасқыны мәселесін толық шешеміз деп уәде беріп отыр.

"Жалпы алғанда, қалада 600 шақырымға жуық құбыр желісі бар. Оның 400 шақырымы біздің кәсіпорынға тиесілі. Күн сайын төрт бригада төрт бағыт бойынша торларды тазартып, жаңбыр суының ағыс жолы мен құдықтарды қадағалайды. Жыл басынан бері 500 тоннаға жуық қоқыс пен лай шығарылды. Сонымен қатар біз тазарту құрылғылары мен су сору станцияларына қызмет көрсетеміз", – дейді Elorda Eco System коммуналдық кәсіпорны бас директорының орынбасары Тимур Шоданов.

Оқи отырыңыз: Құлпытаста QR-код болады: мүфтият зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтірмек - видео

Қаладағы ең проблемалы аймақтардың бірі – Момышұлы даңғылы мен "Жастар" шағын ауданында орналасқан.

"Биыл Момышұлы даңғылында диаметрі 1 800 миллиметрлік коллекторды салу бойынша жұмысты аяқтадық. Жақында ғана жауып өткен нөсер жаңбыр көрсеткендей, ол жерде ешқандай проблема болған жоқ. Ал Иманов пен Иманбаев көшесі маңындағы мәселені де шештік. Яғни, ол жерге қосымша қондырғы орнатылып, коллектор мен тазарту құрылыстары салынуда. Нәтижесінде, аталған көшелерде су жайылмайтын болады", – деді Шоданов.

Біздің кәсіпорынға жылу энергетикалық кешен мен коммуналдық шаруашылық басқармасы бюджеттік өтінім бойынша қаражат бөледі, деп жалғастырды ол.

"Тек, ағын су кәрізі желілерін күтіп-ұстауға жыл сайын 500 миллионнан астам теңге бөлінеді. Бұл жүйе сумен жабдықтау және су бұру, электр желілері сияқты инженерлік желілермен бірдей күтімді қажет етеді. Сондықтан да осы мәселені реттеу мақсатында арнайы кәсіпорын құрылды. Егер біз барлық жұмыстарды 2-3 жыл ішінде бітірсек, ешқандай қиындықтар болмайды деп ойлаймын", – дейді ол.

Шодановтың айтуынша, қалада жаңбыр суы ағатын желіні заңсыз кесіп, тесетіндер де жоқ емес. Ал мұндай жағдайда ағын су Есілге құйылып, өзенді ластайды. Сондықтан да заңбұзушылықтарға жол бергендерге айыппұл салынады. Оның көлемі жеке тұлғалар үшін – 60 мың ал заңды тұлғалар үшін – 87 мың теңге.

Жаңалықтар
0