Денсаулық

Қант диабетінің 1-ші түрі: алдын алу мүмкін бе

© Photo : Leo_65/pixabayСахарный диабет, иллюстративное фото
Сахарный диабет, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2021
Жазылу
Бұл диагноз кезінде инуслин сөзі күніне бірнеше рет айтылады. "Қант диабетінің 1-ші түрі" диагнозы бар адамдар қалай өмір сүреді? Бұл дерттің емі бар ма?

Қант диабетінің 1-ші түрін "жастар дерті" деп те атайды. Себебі ол көбіне жасөспірімдер мен 30 жасқа деінгі адамдарда кездеседі. Өкінішке қарай жас ұлғайған сайын бұл аурудың беті қайтпайды.

Бала кезде ата-анамыздан "тәтті көп жей берме, диабетке шалдығасың" дегенді әрқайсысымыз да көп естіген болармыз. Бірақ мұның қант диабетінің 1-ші түріне еш қатысы жоқ. Бұл сырқат кезінде түсініксіз басқа механизм іске қосылады.

Қант диабетінің 1-ші түрі деген не

"Бұл толықтай инсулин жетіспеушілігі туындаған, яғни инсулин түзілуі тоқтаған кезде көмірсу алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауру. Көп жағдайда бұл аутоиммундық зақымдалу нәтижесінде ұйқы безіндегі бета-жасушалардың бұзылуынан туындайды", - дейді эндокринолог дәрігер Константин Смирнов.

Аутоиммундық аурулар ағзадағы иммундық жүйеде "бірдеңе дұрыс жүрмей", ол сау жасушаларды қорғаудың орнына оларға шабуыл жасауды бастаған кезде пайда болады. Бұл қарапйым тілмен түсіндіргенде осылай сипатталады.

Қант диабетінің 1-ші түрі қалай пайда болады

Өкінішке қарай иммундық жүйе не себепті аяқ астынан өз ағзасына қарсы соғыс бастағанын анықтау мүмкін емес. Алайда мамандардың пікірінше, қант диабетінің 1-ші түрі туындауына ықпал ететін кейбір факторлар бар.

"Аурудың туындауына тек генетикалық бейімділік қана әсер етпейтді. Сондай-ақ қоршаға орта ықпалының да үлес бар", - деп санайды дәрігер Смирнов.

Сонымен қатар бала кезде жіті респираторлы вирусты инфекция немесе басқа да вирусты инфекциямен ауырған болса, бұл жағдай да қант диабетінің 1-ші түрінің туындауына себепші бола алады. Сонымен қатар гипергликемияға тұқым қуалаушылық бейімділігі бар сәбилерде жасанды қоспалар немесе сиыр сүтіне ерте үйрету де диабет тудыруы мүмкін.

Балалар жайын тектен-тек сөз етіп отырған жоқпыз.

"Қант диабетінің 1-ші түрі кез келген жаста пайда бола береді. Әйтсе де бала кезде туындап, 30 жасқа дейін анықталады", - дейді дәрігер Константин Смирнов.

Қант диабетінің 2-ші түріне қарағанда бұл ауру барлық кезде ауыр формада басталады және жиі жағдайда ацидоздың (ағзадағы қышқыл-сілтілі тепе-теңдіктің бұзылуы) ауыр түрі немесе диабет комасы түрінде анықталуы мүмкін.

Қант диабетінің 1-ші түрін емдеуге бола ма

"Бұл мәселеде басқа термин – ұзақ ремиссия күйі терминін қолданған дұрыс. Иә, мұндай жағдайға қол жеткізуге болады. Мысалы, ұйқы безінің жанамалас трансплантациясын басынан өткізген науқастарда. Ал науқастарға баяғыдай сырттан инсулин жіберілуі талап етілетін жағдайда тамақ қабылдау кезінде инсулин мөлшерін дұрыс есептеу жеткілікті. Сондықтан қазір эндокринологтың басты міндеті қант диабетіне шалдыққан науқасты өзін-өзі бақылауға үйрету болып отыр. Толық жазылып шығу мүмкін емес. Бірақ бейімделуге болады. Мысалы, қант диабетінің 1-ші түріне шалдыққан Сильвестер Сталлоне актер ретінде бүкіл әлемге танылды және қазір оның жасы 70-тен асты.

Диагностика және заманауи әдістер

Бұл аурудың алдын алу мүмкін болмағанымен, оны асқындырмай ерте анықтауға болады.

Қант диабетінің негізгі симптомдарына мыналар жатады:

  • Полиурия - кіші дәретке жиі бару. Науқас тіпті түнде ұйқысын бөліп, дәретханаға баруға мәжбүр болады;
  • Полидипсия – үнемі су ішуге деген құмарлық. Көп су ішсең де, бірнеше минуттан кейін шөл қысады;
  • Көп салмақ тастау;
  • Үнемі әлсіздік сезіну, шаршаңқылық, ұйқысырау.

"Осындай шағымдармен эндокринологқа қаралу керек. Ол диагнозды растайды немесе жоққа шығарады. Егер қант диабетін уақытында анықтамаса немесе дәрігерге дер кезінде қаралмаса, онда кетоацидозды күй немесе кома туындау қаупі артады. Қант диабетінің 1-ші түрі алғаш рет анықталған науқастардың "жедел жәрдеммен" ауруханаға жеткізілуі жиі кездеседі", - деді Смирнов.

Диагноз қою үшін келесі әдістер қолданылады:

Аш қарынға қан құрамындағы глюкоза деңгейін тексеру. Глюкометр немесе көктамырдан қан алу арқылы капиллярлы қан тексеріледі.

Гликирленген гемоглобин деңгейін тексеру – әр күні бірнеше өлшем жасалады да, нәтижесі бірнеше айдан кейін дайын болады. Алынған нәтиже бойынша дәрігер диагноз қояды. Бұл критерий 2011 жылдан бері диагностикалық ретінде қолданылады.

Глюкозаға төзімділік тесті. Бұл тест былай жасалады: алдымен науқастың аш қарынға қаны алынады, сосын оған тәтті сусын беріледі де, тағы бірнеше рет қан алады. Сондан кейін нәтижесіне талдау жүргізеді.

Жиі қойылатын сұрақтарға жауап

Қант диабетінің 1-ші түрін емдеудің қандай әдістері бар?

"Бұл барлық жағдайда тек инсулин препараттары. Қазір инсулиннің ондаған түрі бар. Олар тұрақты инъекциялар режимінде де (базис-болюсты инсулин терапиясы), помпалы инсулин терапиясы әдісімен инсулин препараттарының тұрақты инфузиясы режимінде де қолданыла береді. Бұл толықтырушы терапия. Яғни науқастар ағзада жетіспейтін затты сырттан алады", - дейді эндокринолог дәрігер.

Диабет кезінде диета сақтау қажет пе?

"Қант диабетінің 1-ші түрінде айтарлықтай диета сақтаудың қажеті жоқ. Науқастарға ішкен тағамының көлеміне қарай инсулин көлемі қажет болады. Әйткенмен қандай да бір азық-түлік бойынша шектеу жоқ", - деді эндокринолог.

Қандай асқынулар болуы мүмкін?

"Егер әр түрлі жағдайға байланысты науқас бір күн ішінде тиісті гликемиялық көрсеткішке қол жеткізе алмаса, қант диабетінің асқыну қаупі артады. Оған көздің зақымдалуы (ретинопатия), бүйректің зақымдалуы (нефропатия), жүйкенің зақымдалуы (нейропатия) және жүрек-қантамырлары жүйесінің түрлі бөлімдерінің зақымдалуы жатады. Бұл қант диабетіне шалдыққан адамдардың өмір сүру сапасын нашарлататын негізгі аурулар", - дейді дәрігер Константин Смирнов.

Жаңалықтар
0