НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында оқушысының зорлық көргенін жасырды деп айыпталған Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Лариса Қожахметова соттан кешірім сұрады, деп хабаралады "Астана" арнасы.
Ол өзін кінәсізбін дейді. Өйткені адам аузы бармайтын азғындық мектептен тыс жерде болған. Сондай-ақ оқушының ата-анасы мен туыстарынан бұрын мұғалімнің полицияға шағымдануы міндетті емес және куәгерлердің жауабы қиыспайды, дейді директор. Бүгінгі сот алдындағы соңғы сөзінде Лариса Қожахметова ұстаз болуды бала кезінен армандағанын айтып, қиналған кезде өзін қолдаған әріптестері мен отбасына, тіпті көршілеріне де алғыс айтты. Ауыр науқас екенін және үш бала өсіріп отырғанын айтып, соттан өзіне кеңшілік танытуын сұрады.
"Ұстазды ешкім қорғамайды. Осыдан кейін кім басшы болады? Кім басшыны қорғайды? Кім ұстаздарды қорғайды? Өзінің туған анасы бар, баласына деген жанашырлығы қайда? Ол қалай бірге тұрады? Құрметті сот, осы жағдайларымды ескеріп, мені ақтап, әділ шешім қабылдайды деп сенемін", - деді сотталушы Лариса Қожахметова.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы мектеп-гимназияның директоры Лариса Қожахметова кәмелет жасына толмаған оқушы қыздың зорлық көргенін хабарламағаны үшін айыпты деп танылған.
Жаңақала тұрғыны өгей қызын үш жыл бойы зорлаған: мектеп директоры сот алдына келді
Сот материалдарынан белгілі болғандай, ауыл тұрғыны он жастағы өгей қызына үш жыл бойы азғындық әрекет жасаған. Бірақ анасы ғана емес, мектептегі ұстаздары да қорғансыз періштеге ара түсуге асықпаған көрінеді. Өгей қызына озбырлық жасаған адам 22 жылға сотталды. Ал директор, кінәсі дәлелденсе, алты жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.