НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. Ресейлік "МИСиС" ұлттық технологиялық зерттеу университетінің ғалымдары инфекция ошағына антибиотиктерді дәл жеткізуге арналған нанобөлшектерді ойлап тапты. Олардың айтуынша, мұндай наноматериалдарды қолдану кей жағдайда антибиотиктердің мөлшерін 6-7 есе азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ағзаға түсетін жүктемені және патогендердің дәрі-дәрмекке бейімделу жылдамдығын төмендетуге ықпал етеді. Аталған бағыттағы еңбектің нәтижелері American Chemical Society Applied Materials Interfaces журналында жарияланды, деп жазды РИА Новости.
Ғалымдардың айтуынша, антибиотиктерді қолдану бүкіл әлем бойынша өсіп жатыр. Бұл халықтың ауру-сырқауға көп шалдығуымен, жаңа инфекциялардың пайда болуымен және рецептісіз берілетін дәрілерді бей-берекет қолданумен байланысты. Антибиотиктерді тым жиі қолдану микробтардың оған төзімділігін дамытады. Мамандар атап өткендей, қазірдің өзінде дәстүрлі антибиотиктердің басым бөлігі бактериалды патогендерге қарсы қауқарсыз.
Алайда жаңа антибиотикке қол жеткізу үшін 10-20 жылға созылатын зерттеу мен клиникалық сынақтар қажет. Ғалымдардың айтуынша, медикаментозды терапия әлі де инфекцяға қарсы күресте негізгі құрал болып қалып отыр.
Бұл проблеманы шешудің бір жолы – антимикробты наногибридтер. Олар науқас ағзасына еш зиян келтірместен патогендердің дәрі-дәрмекке қарсылығын еңсеруге мүмкіндік береді. Ғалымдардың сөзіне сенсек, тұтынылатын антибиотиктердің мөлшерін едәуір азайту арқылы ағзаға түсетін жүктемені төмендету және микробтардың төзімділігі дамуын баяулату осындай препараттардың басты артықшылығы болып отыр.
"МИСиС" ұлттық технологиялық зерттеу университетінің ғалымдары Бах атындағы биохимия институты мен мемлекеттік қолданбалы микробиология және биотехнология ғылыми орталығындағы әріптестерімен бірлесіп, антибиотикті инфекция ошағына дәл жеткізетін нанобөлшектерді әзірледі. Олардың айтуынша, күміс бөлшектері бар бордың гексагональді нитриді (h-BN) негізіндегі жаңа наногибрид бактерияға қарсы жоғары белсенділік танытты.
"Көлемі 100 нм h-BN нанобөлшектерін газды кезеңде химиялық тұндыру арқылы алады да, одан кейін күміс нитратын ультракүлгінді ыдырату жолымен оларға күміс бөлшектерін тұндырады. Нанобөлшектердің қуыстары антибиотиктерге толтырылып, олар препаратты енгізгеннен кейін тоғыз күннің ішінде біртіндеп ағзаға түсе бастайды", - деді зерттеу авторларының бірі, "МИСиС" ҰЗТУ "Бейорганикалық наноматериалдар" зертханасының инженері Кристина Гудзь.
Зерттеушілер атап өткендей, жаңа наногибридтер қазір нарықта бар антибиотиктерге қарағанда белсенді затты аз көлемде қолданса да, бактериалды және зеңді популяциялардың көзін жоя алады. Кей жағдайда бұл айырмашылық 6-7 есе болуы мүмкін.
"Күміс бөлшектерін қолдану қосымша бактерицидті және зеңге қарсы әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Гентамицин жүктелген нанобөлшектер ішек таяқшасындағы бактерия штаммдарының 38 түріне қарсы тиімділікті көрсетті. Ал оның үстіңгі бетіне күміс бөлшектерді тұндырғаннан кейін бұл көрсеткіш 47-ге дейін артты", - деді Гудзь.
Оқи отырыңыз: Ғалымдар табиғи антибиотик ойлап тапты
Сонымен қатар, нанобөлшектер антибиотиктердің үлкен көлемін "тасымалдауға" және қан жүру жүйесіндегі тіндерге еркін енуге және кері қайтуға қабілетті. Бұл зақымдалу ошағына дәрілерді үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ете алады. Ғалымдар атап өткендей, препараттар 50-ден астам бактериалды және зеңді инфекцияда зертханалық тесттен өткен.
Қазіргі уақытта ұжым жаңа наногибридтерді сынақтан өткізуді жалғастырып жатыр.