Өңірлер

Алакөлге келетін ұшақтарды топыраққа қондыруға тура келеді – облыс әкімі себебін айтты

© AP Photo / Michael ProbstСамолет взлетает на фоне заката
Самолет взлетает на фоне заката  - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2021
Жазылу
Әуежайдың ұшу алаңын жөндеуге 4,7 миллиард, сондай-ақ, аэронавигацияға, қоршауға, күзет сигнализациясына, жарық және тағы басқа шараларға шамамен 2,5 миллиард теңге жұмсалады

НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр — Sputnik. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Алакөлдегі жаңа әуежайды жөндеу жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір халық арасында "Әуежайды жаңадан салды ғой, енді оны тағы жөндейін деп жатыр ма?" деген сұрақтар жиі қойылады. Мәселе мынада, 2015 жылы президент қорғаныс министрлігінің балансында болған әуежайды бізге беруді тапсырды. Оны алдық та, жергілікті бюджеттің есебінен жаңа терминал, яғни, әуежайдың ғимаратын салдық. Перрон бар", - деп бастады Баталов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Тіпті мұндай Түркияда жоқ: Назарбаев Қазақстанның үздік курорттарын атады

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде әуежайға Нұр-Сұлтан, Алматы мен Талдықорғаннан ұшақтар қатынайды. Оған қоса, Ресейдің Томск, Омбы және Новосібір қалаларынан ұсыныстар түсіп жатыр. Барлығы чартерлік рейстерді жіберуге дайын. Бірақ әуежайдың ұшу алаңы көп ұшақты қабылдай алмайды. Сол себепті оны жөндеуге шешім қабылданған.

"Біз екі бөлімнен тұратын жобалық-сметалық құжаттарды әзірледік. Әуежайдың ұшу алаңына 4,7 миллиард, сондай-ақ, шамамен 2,5 миллиард теңге аэронавигацияға, қоршауға, күзет сигнализациясы, жарық және тағы басқа шараларға жұмсалады. Үкімет бізді қолдады, 4,7 миллиард теңге бөлінді. Біз тендерді өткіздік. Мердігер де таңдалды. Биыл ақшаны игеруіміз керек. Ұшу алаңын жөндеп шықсақ, Боинг-737 сияқты жолаушылар ұшағын қабылдай аламыз. Туристер де, қызмет көрсету сапасы да көтеріледі", - деп түсіндірді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы демалыс кезеңі аяқталғанша барлық жұмыс бітеді. Оған дейін ұшақтарды топыраққа қондыруға тура келеді.

"Жөндеу жұмыстары кезінде ұшақтар әуежай жолағына қона алмайды. Сол себепті біз тасымалдаушы компаниялармен келіссөз жүргізіп, ұшақтарды топыраққа қондыратынымызды айтып жатырмыз. Оны жақсылап тұрып бекітіп, жарық орнатамыз. Сондықтан әуе компаниялары топыраққа қонатындай ұшақтарды таңдап отыруы тиіс. Қазір соны пысықтап жатырмыз", - деді Баталов.

Осы орайда әкім әлемде жолаушылар ұшақтарын топыраққа қондыру тәжірибесінің бар екенін жеткізді.

Жаңалықтар
0