НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр - Sputnik. Түркістан облысының құтқарушылары Төле би ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 адамды іздестіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің сайты.
Олардың жоғалғаны туралы хабарлама 112 пультіне 2021 жылдың 25 мамыры күні сағат 18:30-да келіп түсті.
21 мамырда туристер "Сары-Айғыр" шатқалына жаяу бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
Өткен тәулікте іздестіру топтары 37 шақырымға жуық таулы аймақты жаяу аралады. Екі пилотсыз ұшу аппараты арқылы 4 шақырым радиуста ұшу жүргізілді.
Оқи отырыңыз: Алматы тауларында туристер жоғалып кетті
Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 25 құтқарушысы, 2 квадракоптері және 7 техникасы жұмылдырылды.
Сондай-ақ, полиция департаментінің 4 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органдардың 2 қызметкері мен 1 техникасы, ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 3 ат патрулі, ұлттық парктің 10 қызметкері мен жоғалғандардың туыстары іздестіруге атсалысуда.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағын Шымкент қаласынан әуеге көтеру мүмкін емес.
Түркістан облысындағы трагедия
2020 жылдың 23 тамызында 5 адамнан тұратын туристік топ ешбір дайындықсыз "Сайрам-Өгем" ұлттық табиғи паркінің аумағында Қасқасу ауылынан 30 шақырым қашықтықта теңіз деңгейінен 4 236 метр биіктіктегі "Сайрам" мұздығына көтерілген.
Тау басында қар жатқандықтан, одан да жоғары көтерілуге тағы бір күн қажет еді. Ешқандай құрал-жабдығы мен тәжірибесі жоқ дайындықсыз топтың алға жылжуға мүмкіндігі болмаған соң, олар төмен түсуге шешім қабылдаған.
Алайда, таудан түсу де оңай емес екенін топ мүшелері ескермеген. Қайтар жолда қателікке бой алдырған әйел байқаусызда тайып кетіп, мұз жарықшағына құлаған. Ал өзгелері оған көмектесуге әрекет жасағанымен, ешбір нәтиже болмаған.