Қоғам

Қылмыстық кодекске шенеуніктерге қатысты тағы бір бап енгізіледі

© Sputnik / Абзал КалиевУголовный кодекс Казахстана
Уголовный кодекс Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Жазылу
Бизнеске қарсы рейдерлікті ұйымдастырғандар да, шенеуніктер арасында оларға көмектескен тұлғалар да жазаланады

НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр — Sputnik. Мәжіліс депутаттары рейдерлікке қарсы күресті күшейтуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз  араласуынан қорғау шаралары қарастырылған, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Дмитрий Колоданың айтуынша, Қылмыстық кодекстің 249-бабына жаңа тармақ енгізіледі. Оған сәйкес, бақылау, құқық қорғау және тағы басқа органдар арқылы рейдерлік жасаған адамдар қылмыстық жазаға тартылады.

"Рейдерлікті ұйымдастырғандар да, шенеуніктер арасында оларға көмектескен тұлғалар да жазаланады. Ал 345-бапта заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау әдістері жазылған. Осы әрекет ауыр қылмыстар санатына ауыстырылып отыр", - дейді Колода мәжілістің жалпы отырысында.  

Заң жобасы аясында тағы бірқатар заңға өзгеріс енгізіледі. Олар:

  • кәсіпкерлерді қорғау бойынша жоғары қадағалау құралдары күшейтіледі, атап айтқанда, бизнес субъектілерге олардың қызметіне лауазымды адамдардың заңсыз араласу фактісі бойынша тікелей прокуратураға жүгіну құқығы беріледі;
  • кәсіпкерлерді салықтық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың қолданыстағы шектерін қайта қарау. Мәселен, бір жылдың ішінде төленетін салықтардың 10 проценттік криминалдық шегі енгізіледі;
  • кәсіпкерлікті қылмыстық қудалау органдарының шамадан тыс араласуынан қорғау және тіркелген кәсіпкерлерге қатысты тергеу әрекеттерін соттың немесе прокурордың санкциясымен ғана жүзеге асыру;
  • рейдерлік пен құқық қорғау және бақылаушы органдардың кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттеріне қарсы күресті күшейту, сондай-ақ бағалы металдардың заңсыз айналымына тосқауыл қоятын шаралар.

Қылмыстық кодексте бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының, сондай-ақ зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жеке бап енгізіледі.

"Тұтастай алғанда, заң жобасының нормалары азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыруға, кәсіпкерлердің проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осы түзетулер бағалы металдардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге мүмкіндік береді", - дейді депутаттар.

Жаңалықтар
0