Видео

Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер мемориалды музейге айналды – видео

Жазылу
Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі 2014 жылы ашылған. Бұл үйде композитор отбасымен бірге 1979-1998 жылдар аралығында тұрды

Тілендиев мемориалды музейі орналасқан үй 1979 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың арнайы тапсырысымен салынып, Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлерге табысталған.

Музей 5 экспозициялық бөлмеден тұрады. Кіреберіс, қонақ бөлмесі, жұмыс бөлмесі, ас үй және демалыс бөлмесі. Музейде Нұрғиса Тілендиевтің жеке өмірі мен шығармашылығы жайлы ақпарат беретін құнды экспонаттар қойылған. Оның ішінде музыкалық аспаптар, әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерінің қолжазбалары, концерттік киімдері, жеке заттары бар.

Дариға-домбыра

Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен өнері жолында өзінің жақсы көріп шертетін үш домбырасы болған. Сол домбыралардың ішінде көзінің қарашығындай сақтаған құнды мұраларының бірі –  "Дариға-домбыра".

© Sputnik / Тимур БатыршинНұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінде "Дариға" домбырасы сақтаулы тұр
Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер мемориалды музейге айналды – видео - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінде "Дариға" домбырасы сақтаулы тұр

Бұл домбыраны 1937 жылы Нұрғиса Тілендиевтің ұстазы, композитор Ахмет Жұбанов арнайы тапсырыспен жасатып, өз қолымен Нұрғисаға сыйға тартқан. Композитордың бұдан басқа "Сұлтан", "Мархаба" деген домбырасы болған. "Сұлтан" домбырасы Алматыдағы ұлттық аспаптар музейіне қойылған, ал Тілендиевтің мемориалды музейінде "Дариға" домбырасы сақтаулы тұр. Бұл домбыра музейдегі ең құнды экспонат қатарына енеді.

Музейдегі тағы бір құнды жәдігер – композитордың роялі. Мұны композитор осы пәтерге 1979 жылы көшіп келген соң сатып алған.

© Sputnik / Тимур БатыршинМузейдегі тағы бір құнды жәдігер – композитордың роялі
Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер мемориалды музейге айналды – видео - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Музейдегі тағы бір құнды жәдігер – композитордың роялі

Нұрғиса Тілендиевтің халықаралық, мемлекеттік деңгейдегі концерттерде өнер көрсеткен концерттік костюмі де музейде ерекше орынға ие. Нұрғиса Тілендиев 1949 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Содан кейін дирижер Москва консерваториясының опералық дирижерлер даярлайтын факультетіне оқуға түсіп, 1952 жылы бітірді. Соңғы курста оқып жүргенде дирижер концерттік костюмді арнайы тапсырыспен тіктірген.

Майдан мен музыка

Сонымен қатар музейде Нұрғиса Тілендиевтің Ұлы Отан соғысына қатысқаннан кейін алған марапаттары қойылған. Ол 1943-1945 жылдары майданға қатысып, үш рет жараланып, туған еліне аман-есен оралғандардың бірі. Қан майданда Тілендиев Польша, Чехославакияны жаудан азат етіп, Берлинге дейін барған.

Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастыруды да ойлаған. Бірақ ұстазы Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.

© Sputnik / Тимур БатыршинНұрғиса Тілендиев 1943-1945 жылдары майданға қатысып, үш рет жараланған
Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер мемориалды музейге айналды – видео - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Нұрғиса Тілендиев 1943-1945 жылдары майданға қатысып, үш рет жараланған

Соғыс біткеннен кейін "Ерлігі үшін!", "Берлинді алғаны үшін!" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін", "Халық қаһарманы" медалімен марапатталды.

Музыкалық туындылары

Нұрғиса Тілендиев 500-ге жуық музыкалық туындының авторы. Ол ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера және балет жазған. Музейде "Достық жолымен", "Менің Қазақстаным" кантатасының, Құддыс Қожамияровпен бірлесіп жазған "Алтын таулар" операсының, "Ата толғауы" және оркестр үшін жазылған шығармалары, "Аққу", "Аңсау", "Арман", "Ата толғауы", "Әлқисса", "Қорқыт туралы аңыз", "Көш керуен", "Махамбет" сияқты күйлері мен "Саржайлау", "Алатау", "Ақ жайық", "Ақ құсым", "Өз елім" секілді халық жүрегінен орын алған ән-күйлердің партитуралары мен ноталық қолжазбалары сақталған.

Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиев 40-тан астам пьесаға, "Қыз Жібек", "Қилы кезең", "Көксерек", "Менің атым Қожа", "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?", "Ақсақ құлан" секілді 20-дан астам кинофильм мен мультфильмге музыка жазған.

© Sputnik / Тимур БатыршинНұрғиса Тілендиев 500-ге жуық музыкалық туындының авторы
Нұрғиса Тілендиев тұрған пәтер мемориалды музейге айналды – видео - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2021
Нұрғиса Тілендиев 500-ге жуық музыкалық туындының авторы

Композитор жайлы естеліктерге сүйенсек, Нұрғиса Тілендиев пен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бірлесе 32 ән жазған. Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: "Даха, домбырамды берші маған" деп, жары Дариғаға домбырасын алғызып, "Аққу" мен "Арман" күйлерін тартып берген. Осы кезде ақын інісі "Дариға, домбырамды берші маған" атты өлең жазған. Артынан сазы да жазылды.

Бұл кездесуден кейін ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде "Саржайлау", "Кел, еркем, Алатауыңа", "Мен сендерді іздеймін", "Сөнбейді, әже, шырағың" және тағы басқа шығармалар бар. Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың бірлесе отырып жазған соңғы әні – "Есіңе мені алғайсың".

Тілендиевтің мұрасы

Музейде Нұрғиса Тілендиевтің мұрагеріне беремін деп сақтаған мылтығы да бар. Алайда композитордың ұлы Данияр 25 жасында дүниеден өтті.

Композитордың қызы Дінзуһра Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған "Отырар сазы" оркестрінің бас дирижері болып жұмыс істейді.

Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейіне айналған пәтерде 1998 жылы композитор дүниеден өткен соң жары Дариға мен қызы Дінзуһра 20 жылға жуық уақыт тұрды. Кейіннен мемлекет меншігіне өткізді.

Музей ішіндегі экспонаттар жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан видеосынан көре аласыздар.

Жаңалықтар
0