Өңірлер

Ақтөбеде вакцинаға қатысты жалған аудио тарады – Сары әулиенің үстінен шағым түсті

© AFP 2024 / GABRIEL BOUYSШприцы с вакциной от коронавируса, подготовленные для проведения прививок
Шприцы с вакциной от коронавируса, подготовленные для проведения прививок - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.05.2021
Жазылу
Аудиожазба авторы екпе салдырған адамдар бір жылдың ішінде, ары кетсе, үш-төрт жылда өлетінін айтқан

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр — Sputnik. Ақтөбе облысында бас дәрігердің атынан жалған аудиохабарлама тарады. Дәрігердің өзі оны жоққа шығарып, "сары әулиенің" үстінен шағым түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлады Stopfake.kz.

What’sApp-та тараған аудионың авторы өзін Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы "Шапағат" клиникасының бас дәрігері Аманжол Адаевпын деп таныстырған. Сосын вакцина алған адамдардың жақын арада қайтыс болатынын айтты.

"Дені сау адам коронавирустан емделеді. 90 пайыздан астамы емделіп жатыр. Ал екпе салдырғандар малша қырылады. Олардың барлығы 5G арқылы зомби, робот сияқты болады. Олар ешқашан бас көтере алмайды. Үкіметке қарсы да бас көтере алмайды. Сіз білмейтін өте көп нәрсе бар. Айтайын дегенім, олар бір жылдың ішінде, ары кетсе, үш-төрт жылға жетпей өледі. Өйткені оның программасы солай", - дейді аудионың авторы.

Оның айтуынша, вакцина салдырғандар жұмыстан шығып кетемін деп қорқады. Олардың барлығы – әлсіздер және қорқақтар.

"Алдағы күзді күтіңіздер. Сол кезде екпе алғандар кете бастайды. Ол – программа, саясат қой", - деп атап көрсетті ол.

Профессор Аманжол Адаевтың өзі желіде тараған аудиохабарламаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оны кімнің таратып жатқанын да айтты.

"Мен 50 жыл бойы халықтың денсаулығын сақтап, сол үшін күресіп келе жатырмын. Өзім екпенің бәрін алдым. Балаларым да, немерелерім де, шөберелерім де екпе алды. Ал сендердің тыңдап, бір-біріңе лақтырып жүргендерің – "Сары әулие" дейтін адам. Сондай екінші аты бар. Ол Қандыағашқа да келіп, халықты жинап, әр түрлі уағыз айтқан. Артынан істі болды. Үкімет тыйып еді, қазір қайтадан халыққа қиянат жасап жатыр", - дейді Адаев.

Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер вакцина салдыруға келгендерді қылмысқа итермелеген 

Осы орайда бас дәрігер аудионы таратып жатқан адамдарға да ескерту жасады. 

"Қандыағаштағы бас дәрігердің айтқаны деп, бір-біріңе лақтырып жатырсыңдар. Ол үшін жауапқа тартыласыңдар. Мен анау Сары әулиенің үстінен тиісті органдарға шағым түсірдім. Ол кісі мені танымайды да. Оның дауысы мен менің дауысым мүлдем сәйкес келмейді. Дәрігердің аузынан ондай сөз шықпайды. "Екпе алсаң, өлесің" деген сөзге ақылы бар адам да ермейді. Қазір вакцина алатындар азайды. Бұл халыққа жасалған қиянат қой. Бұның сұрауы бар. Қазір іс қозғалып жатыр. Біреудің лағып айтқан әңгімесін бір-біріңе таратпаңдар. Сол үшін сендерді де жауапқа тартады", - деп түйіндеді Адаев.

Жаңалықтар
0