НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Ақтөбе облысында жеңіл автокөлік пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза болды, деп хабарлайды өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қайғылы оқиға 25 мамыр таңғы сағат 06:00-де болды. Хромтау ауданы Бөгетсай кентінің маңында "Самара-Шымкент" автожолының 909 шақырымында екі көлік соқтығысқан.
"Nissan Primera автокөлігінің 61 жастағы жүргізушісі, алдын ала болжам бойынша, қарсы бетке шығып кетіп, Қырғызстан азаматы басқарған Mercedes-Benz жүк көлігімен соқтығысқан", - делінген хабарламада.
Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының полициясы жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.