Денсаулық

Сүт безінің қатерлі ісігі: ауруды жеңу мүмкін бе

© Photo : pixabayЖенщина привлекает внимание к проблемам рака груди, иллюстративное фото
Женщина привлекает внимание к проблемам рака груди, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.05.2021
Жазылу
Мамандар бүгінде сүт безінің қатерлі ісігін емдеу неге негізделетіні және қандай терапияның тиімділігі жоғары екені туралы айтып берді

Бүгінде әрбір науқас және әрбір қыз-келіншек сүт безінің қатерлі ісігі үкім емес екенін түсінуі керек. Себебі ауруды мейлінше ерте кезеңде анықтаса, оны жеңу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады. Заманауи терапия әдістерінің арқасында тіпті аурудың кеш сатысында да оны жеңуге болатын әдістер пайда болып жатыр, деп жазды kp.ru.

"Әйтсе де науқастың өмірін ұзартатын басты талаптың бірі ерте диагностика болып қала береді", - дейді онколог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Екатерина Чернова.

Қауіп тобында кімдер бар

Сүт безінің қатерлі ісігі - бұл әрбір оныншы әйелде кездесетін қатерлі жаңа түзіліс. Омырау обырын кез келген жаста анықтауға болады. Бірақ 65 жастан асқан әйелдерде бұл қатерлі ісіктің пайда болу қаупі осы жасқа дейінгілерге қарағанда 6 есе жоғары.

Зерттеушілер аурудың туындауына негізгі себептер ретінде мыналарды атады:

  • ауырлаған тұқым қуалаушылық: егер науқастың туыстарында, әсіресе анасы жағынан, сүт безінің, жыныс мүшелерінің обыры немесе басқа да онкологиялық аурулар анықталған болса, онда сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі арта түседі;
  • етеккірдің ерте келуі (12 жасқа дейін) және етеккірдің кеш тоқтауы (55 жастан кейін);
  • бастапқы бедеулік, бірінші баланы кеш босану (30 жастан кейін), лактацияның болмауы немесе бала емізудің қысқа уақыты, босанудан кейінгі мастит;
  • жыныстық қатынастың тұрақсыздығы;
  • сүт безінің жарақаты;
  • "сүт бездерінің дисгормоналды гиперплазиясы" диагнозы;
  • семіздік;
  • қалқанша без жұмысының бұзылуы;
  • толықтырушы гормоналды терапия.

"Қатерлі ісіктің пайда болуының жоғары қаупі міндетті түрде жаңа түзіліске алып келмейді. Қауіп тобына жататын әйел мүлде обыр ауруына шалдықпайтын жағдай кездесіп жатады. Сонымен қатар онкопатология дені сау әйелде анықталуы да ықтимал. Сондықтан өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарау және сүт бездерін уақытылы тексеруден өткізу маңызды. Қатерлі ісікті ерте анықтау өмір сүру мүмкіндігін арттырады", - деп санайды онколог дәрігер Екатерина Чернова.

Дәрігер өз тәжірибесіндегі түрі жағдайды еске түсірді: "Мысалы, 36 жастағы әйел омырауды қолмен тексеру кезінде оң жақ сүт безінде диаметрі 1 сантиметр доғал түзілісті байқап қалған. Ол ертесіне дәрігерге келіп, тексеруден өтті. Қысқа уақыт ішінде тиісті зерттеуден соң науқасқа "оң жақ сүт безінің І сатысы" диагнозы қойылды". Қазіргі уақытта науқас емдеуді аяқтап, жұмыс істеп, спортпен айналысып, қалыпты өмірін жалғастыруда.

Тағы бір жағдай: 47 жастағы әйел сол жақ сүт безінде ісікті анықтап, алайда, дәрігерге қаралмаған. Ол бір жыл ішінде жағдайының нашарлағанын байқап, ақырында дәрігердің алдына келуге мәжбүр болған. Тексеру барысында науқасқа "сол жақ сүт безінің IV сатысы, өкпе және сүйектегі метастаздар" диагнозы қойылды. Оған қатерлі ісікке қарсы препараттардың бірнеше курсы тағайындалды. Өкінішке қарай науқас оны аяқтай алмады..."

Сүт безі қатерлі ісігінің белгілері

Медицина тәжірибесінде сүт безіндегі қатерлі ісікті әйелдің өзі немесе жолдасы анықтап жатады. Қатерлі ісікті маммолог, гинеколог, хирург дәрігерлер анықтауы мүмкін немесе скринингтік тексеру кезінде де белгілі болады.

Қандай белгілер назар аударуды қажет етеді:

  • омыраудағы жаңа түзілісті қолмен сезінуден бөлек, емшекті жара басуы, ішке тартылуы, қан ағуы болады. Мұндай жағдайда шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек!
  • аурудың соңғы сатыларында адамда шаршаңқылық, әлсіздік, жөтел, ентігу, сүйектердің сырқырауы пайда болады.

Сүт безі қатерлі ісігінің диагностикасы және оның кезеңін анықтау

Дәрігер қабылдау барысында науқастың шағымдарына зер салып, тексеру жүргізу керек. Тексеру кезінде омыраудың көлемі, пішіні, консистенциясы, сүт безінің тығыздығы, емшектегі бөліністер мен оның сипаты, теріні жара басу, ісік немесе қызаруға мән береді. Онколог дәрігер Екатерина Чернованың айтуынша, қолтықасты, жауырынасты және жауырынүсті аймақтар міндетті түрде тексеріледі. Сүт безінде қандай да бір патологиялық өзгеріс анықталса, дәрігер науқасты қосымша тексеруге бағыттайды.

Диагностиканың негізгі әдісі – маммография. Сүт бездерінің бұл рентгтендік зерттеуі скринингтік тексеруді тез әрі қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік береді. Маммография сүт безі қатерлі ісігін клиникалық симптомдар болмаған жағдайда ерте кезеңде анықтай алады және қатерлі ісік бар болса, ауруды растай алады. Бірқатар жағдайда науқасқа тамырішілік контрастпен сүт бездерінің МРТ тағайындалады. Көп жағдайда бұл мына кезде қажет болады:

  • басқа тексерулердің екіұдай қорытындысы кезінде;
  • омырау тінінің жоғары тығыздығы жағдайында;
  • омырауда имплант болса;
  • сүт безі қатерлі ісігінің тұқым қуалаушығы, сүт бездерінің үлесті обыры кезінде.

Кешенді тексеру нәтижелерін алғаннан кейін және сүт безіндегі ісік расталған соң биопсия жасау керек. Яғни морфологиялық және иммуногистохимиялық зерттеулер үшін ісіктің бір бөлігін алады. Бұл науқастың одан әрі емдеу тактикасын жоспарлау үшін қажет.

Ал обыр сатысын анықтау әр науқас үшін жеке-дара анықталады. Ол кезде қатерлі ісік көлемі, жақын орналасқан лимфа түйіндерінің метастаздармен зақымдалу көлемі, алыс орналасқан метастаздардың бар болуы есепке алынады.

"Мұның барлығын кешенді түрде тек дәрігер бағалайды да, аурудың сатысын анықтап, нақты әр жағдай бойынша емдеу курсын тағайындайды", - дейді онколог дәрігер Екатерина Чернова.

Сүт безінің қатерлі ісігін емдеу әдістері

Сүт безі қатерлі ісігін емдеу түрлі әдістерді қолдана отырып, бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі кезде үш негізгі әдіс қолданылады:

Қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек терапиясы. Мұндай терапияның бірнеше түрі бар, атап айтсақ:

химиотерапия: бұл жағдайда қатерлі ісік жасушаларының көзін жоюға бағытталған препараттар қолданылады;

гормонотерапия, қатерлі ісік пен ағзаның гормоналды белсенділігін басатын препараттар қолданылады;

таргетті терапия – бұл жаңа әдіс адамның сау тіндеріне мейлінше зақым келтірмей, қатерлі ісікке тікелей әсер ететін препараттарды қолдануды қарастырады;

иммунотерапия – бұл әдісті онкологтардың халықаралық конгресінде обырдың кез келген түріне қарсы күресте озық әрі тиімді әдіс деп атады. Иммунотерапия кезінде науқастың иммундық жасушаларын арнайы бағдарламалау қолданылады. Айрықша технологияның арқасында олар обыр жасушаларын дәл тауып, жоя алатын қуатты қаруға айналады.

"Сүт безінің обыры" диагнозы кезінде хирургиялық емдеу мен сәулелік терапия да қолданылады.

Онколог дәрігер Екатерина Чернова осы үш әдіс сүт безінің қатерлі ісігін емдеуде жоғары тиімділік көрсеткенін мәлімдеді.

"Егер әйелдің жақын туыстары (анасы, әпкесі, сіңілісі) сүт бездерінің обырына немесе басқа да онкологиялық ауруға шалдыққан болса, онда ол өз туысынан обыр ауруы анықталған жастан 7-10 жыл бұрын онколог-маммологтың қарауына баруы керек. Жалпы әр әйелге өзінің сүт безі обырына және басқа да қатерлі ісік ауруына генетикалық бейімділігін білген дұрыс. Мұны генетикалық тест арқылы анықтауға болады", - дейді Екатерина Чернова.

Оның айтуынша, ауру пайда болу қаупі жоғары әйелдер үшін дәрігер профилактикалық емдеу шараларын тағайындайды.

Қорыта айтқанда, жалпыға бірдей ұсыныстар мен кеңестер сүт безінің қатерлі ісігінен 100% сақтай алмайды. Алайда адам дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстанса, зиянды әдеттерден бас тартып, күйзеліс әсерін мейлінше төмендетсе, жалпы өз денсаулығына қамқорлықпен қараса, онкопатология туындауының қаупін азайтуға болады.

Жаңалықтар
0