Бүгінде екпе салдырамын дейтін адамдардың азайғаны байқалады. Оны денсаулық сақтау министрлігі де мойындап отыр. Ал вакцина алғандардың саны аз болса, үкімет күзге дейінгі жоспарын орындай алмайды. Халықта коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет те болмайды. Sputnik Қазақстан тілшісі вакциналау қарқыны не себепті баяулап қалғанын зерделеп көрді.
Содан вакциналау шаралары күшейе түсті. Өңірлерге қазақстандық вакцина таратылды. Артынан қытайлық екпе де келді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Еңбек мигранттары мен шетелдік студенттерге екпені тегін сала бастады. Дегенмен, мәжбүрлі шаралар да болған тәрізді. Себебі халық арасында "Жұмыста вакцина салдыруға міндеттеп жатыр" деген әңгімелер де тарала бастады. Ал екпеден бас тартқандарға үш күн сайын ПТР-тест әкелуге талап қойған көрінеді. Сөйтіп, үкімет бір айдың ішінде вакцинаның бірінші дозасын алғандардың санын бір миллионға жеткізіп, "көңіл-күйді түсіретін" кадрлық шешімнен құтылды.
Бүгінде коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін салдырған адамдардың саны 2 миллионға жақындады. Екі бірдей дозаны қабылдағандар екі есе аз болып тұр. Ал ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін дәл осы топқа кіретін адамдар көп болуы керек.
Соңғы кезде екпе алғысы келетіндердің саны азайып қалды. Оны денсаулық министрлігі де ашық айтып отыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың сөзіне қарағанда, сәуір айында бір тәуліктің ішінде 100 мың адам вакцина салдырса, мамырда осы көрсеткіш 30-60 мың адамға дейін азайған.
"Иә, қазіргі кезде вакциналау бойынша халықтың белсенділігі төмендеп келеді. Бәлкім, мамыр айында болған ұзақ мейрамдар әсер еткен шығар. Енді ғана аяқталды ғой. Біз халықтың саналы шешім қабылдайтынына сенеміз. Әрине өзіміз де ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтеміз", - деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың пікірінше, бүгінде вакцинаның қажеттілігін түсінетін адамдар екпені алып болды. Сол себепті бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина салдыратындардың саны күрт азайып кетті. Сосын мамыр айындағы ұзақ мейрамдар кезінде адамдар бір-бірімен тығыз араласты. Онымен бірге вирус та кеңінен тарап кетті деген болжам бар. Сондықтан 14 күннен кейін, яғни, вирустың инкубациялық кезеңі өткен соң, ұзақ мейрамдардың салдары шығуы мүмкін. Бұл дегеніміз, келесі аптада астанада инфекция жұқтырғандардың саны артады. Жалпы, республика бойынша вирус өршіп кетуі де ықтимал.
Сөз жоқ, вакцина салдыру қарқынына екпе алғаннан кейін қайтыс болған және қайтадан коронавирус жұқтырған адамдар туралы ақпарат та кері әсерін тигізді. Бүгінде министрлік вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болған адамдардың өлімін жан-жақты зерделеуге кірісті. Әзірше, бірде-бір адамның екпенің әсерінен көз жұмғаны дәлелденген жоқ. Ал вакцинадан кейін коронавирус жұқтырған адамдар аз емес. Ресми мәліметке сәйкес, екпенің бірінші дозасынан кейін 541 адам, ал екінші компонентінен кейін 104 адам вирусқа шалдыққан.
Вакцинадан кейін коронавирус жұқтырғандардың ішінде Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин де бар. Бірақ ол сақтық шараларына салғырт қарағаннан кейін ауырып қалған.
"Мен коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасынан кейін ауырып қалдым. Бұл жерде мәселе екпеде емес. Негізі, коронавирусқа қарсы 90 проценттік иммунитетті алу үшін вакцинаның екі дозасы қажет. Соның бәрін алғаннан кейін сақтық шараларын ұмытпау керек. Өйткені иммунитет, кем дегенде, үш апта қалыптасады. Шынымды айтсам, басында ауырып қалғаныма сенген жоқпын. Бірақ барлығы расталды. Ондай жағдайлар болады. Өйткені адам вакцина алдым деп тым босаңсып кетеді. Мен де денсаулығыма қатты сеніп қалдым", - дейді Локшин.
Бүгінде жергілікті билік екпе салу науқанын жандандыру мақсатында ұтыстар да өткізе бастады. Күні кеше Алматының Алатау ауданында екпенің бірінші дозасын алған тұрғындарға сан алуан сыйлықтар таратылды. Лототрон арқылы шаңсорғыш, қысқа толқынды пеш пен ыдыс-аяқ жиынтығы да ойнатылды.
Ал АҚШ-тың бір штатында вакцина салдырған бес адамға бір миллион доллардан таратылады. Тайландта сиыр ойнатылады. Бұдан бөлек, дүкенге жеңілдік сертификаттары, тіпті, алтын алқалар берілді. Ондай шаралардың нәтижесі де жоқ емес. Вакцина алуға келгендер көбейді. Бәлкім, біздегі лотереяның сыйлықтарын сәл қымбат қылса, екпе алатын адамдардың саны артар...