Денсаулық

Қанның қатерлі ісігі: анықтау және емдеу әдістері

© REUTERS / POOL NewВрач держит в руках пробирку с кровью для теста на коронавирус
Врач держит в руках пробирку с кровью для теста на коронавирус - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2021
Жазылу
"Қан обыры" дегенді жиі естіп жатамыз. Алайда қан сұйықтық емес пе? Ендеше оның құрамында қалай қатерлі ісіктер болуы мүмкін? Негізінде бұл жағымсыз терминнің артында қантүзу жүйесінің бірнеше онкологиялық ауруы жатыр

Статистика бойынша, жыл сайын ғаламшардың 200 мыңнан астам тұрғыны қанның қатерлі ісігінің бірнеше түріне шалдығады екен. Көп адам бұл диагнозды өлімге кесілген үкім деп қабылдайды. Мұның себебі жоқ емес. Себебі осыдан отыз жыл бұрын дәл осы індетті жеңіп, аман қалғандардың көрсеткіші 8%-тен аспайтын.

"Қанның қатерлі ісігі" ұғымы онкологияда жоқ. "Қатерлі ісік" термині эпителиалды тіндерден, яғни, дене және ішкі органдардың жабынын түзетін жасушалар кешенінен тұратын қатерлі ісіктердің белгілі бір тобын білдіреді. Қан эпителиалды тіндерден тұрмайды. Осылайша "қанның қатерлі ісігі" термині лейкоздың – қантүзу жүйесінің қатерлі ісік ауруларының бірнеше түрін қамтиды. Бұл ауру кезінде қалыпты қан түзілімі бұзылып, жілік майындағы жетілмеген лейкоцит-жасушалар саны артады. Осы жерден ел арасында бұрыннан тарап кеткен лейкемия немесе ақ қан деген ауру атауы шығады", - дейді онколог дәрігер Роман Темников.

Қанның қатерлі ісігі деген не

Қан обыры – бұл жілік майы жасушаларының жұмысы бұзылуы салдарынан туындайтын және бауыр, көкбауыр мен лимфа жүйесін қоса алғанда бүтіндей қан түзу жүйесінің жұмысын бұзатын қатерлі ісік ауруларының бір тобының атауы. Онкологтар оларды гемобластоз деп атайды және мутацияланған жасушалардың орналасуына қарай жіктейді. Егер қатерлі ісік жасушалары жілік майында пайда болса, онда олар лейкоздар. Ал егер қатерлі жасушалар жілік майынан тыс туындаса, онда ол ауруды гематосаркомаға жатқызады. Егер қатерлі ісік жетілген лимфоциттерді зақымдаса, онда сирек кездесетін лимфоцитома ауруы пайда болады.

Гемабластаз кезінде обыр жасушалары кез келген органды және міндетті түрде жілік майын зақымдайды.

Қанның қатерлі ісігінің себептері

Қан құрамында аса маңызды қызметті атқаратын бірнеше маңызды жасуша бар. Бұл эритроциттер, тромбоциттер және лейкоциттер. Біріншісі – ағзаны оттегімен қамтамасыз етеді, екіншісі – жаралардың жазылуына жауапты, үшіншісі – қауіпті микробтардан, бактериялар мен вирустардан қорғайды. Лейкоциттердің жаңаруы жиі болатын процесс.

Қалыпты, сау жасушалар жілік майында түзіледі. Жас жасушалар түрлі зиянды факторлардың ықпалына тез бейімделеді. Олар түрі мен тініне қарамастан аномальді, яғни қатерлі сипатта қайта туындауы мүмкін. Бұл не себепті болатыны әзірше ғылым үшін белгісіз болып тұр. Мутант-жасушалар бей-берекет және ретсіз бөлініп, сау жасушаларды ығыстыра бастайды.

Қатерлі жасушалар саны артқан кезде жілік майы зақымдалады да, бұл аномальді жасушалр қан арқылы ағзаның басқа тіндеріне таралады. Қатерлі жасушалардың құрылымы басқа болғандықтан, зақымдалған органдар өз функциясын толыққанды атқара алмайды. Агрессорлардың мұндай әрекеті ауруды бастапқы сатыда анықтауды қиындатады және емдеуді күрделендіреді. Себебі химиотерапияға түрлі жасуша түрлі әсер етуі мүмкін. Қан түзу жүйесі бұзылғандықтан ағзаның инфекцияларға төтеп беруі бәсеңдейді. Әйтсе де заманауи медицина осындай аса қатерлі әрі күрделі дертпен тиімді күресіп келеді.

Жасушалардың қай тобы зақымдалды және процесс қаншалықты жылдам жүріп жатқанына қарай обыр ауруы агрессивті немесе созылмалы қалыпта болуы мүмкін. Лейкоздардың созылмалы түрлері терапиямен жақсы емделеді, бірақ оларды анықту өте күрделі. Көп жағдайда науқас мұндай ауруға шалдыққанынан бейхабар жүре береді және ол көбіне басқа мақсатта қан тапсырған кезде анықталады.

Созылмалы түрлері:

созылмалы лимфолейкоз – жілік майында жетілмеген лейкоциттердің көбеюі, симптомсыз кезеңде олар тіндерде жиналып, бұл бүкіл ағзада жасушалардың шамадан көп мөлшерде болуына әкеледі;

созылмалы миелолейкоз – жілік майы жасушаларының қайта түзілуі, көбінесе ер адамдарда кездеседі;

мегакариоцитарлық лейкоз - бағаналық жасушалардың қайта түзілуі;

созылмалы моноцитарлы лейкоз - лейкоциттер саны ұлғаймайды, бірақ уақыт өте келе моноциттер көлемі артады.

Ауыр түрлері:

ауыр лимфолейкоз - лимфоциттер санының артуы және иммундық жүйенің қатты әлсіреуі;

ауыр миелолейкоз – миелоциттердің қайта түзілуі;

лимфобластты лейкоз – лимфоциттердің қайта түзілуі, көбіне 1-5 жас аралығындағы балаларда кездеседі;

эритромиелобластты лейкоз – эритробласттардың (нормобласттар) қатты өсуін жілік майының өзі іске қосады, қызыл жасушалар саны артады;

миелобластты лейкоз – ДНҚ-да қанды жасушалы денелердің бұзылуы салдарынан мутацияланған жасуша сау жасушалардың жұмысына кедергі жасап, оларды ығыстырады;

мегакариобластты лейкоз – мегакариобласттардың және жілік майындағы сараланған бласттардың артуы, көбінесе Даун синдромы бар балаларда кездеседі;

монобластты лейкоз – шеткі қан және жілік майында монобласттардың көптеп шоғырлануы.

Ғалымдар әзірше қанның қатерлі ісігі туындауының нақты себептерін анықтай алған жоқ. Бірақ осы ауруды "арандатушы" факторларды анықтады:

  • радиоактивті сәулелену және радиациялық ортаның көп болуы;
  • экологиялық проблемалар;
  • зиянды химиялық заттар (бензол, пестицидтер);
  • дұрыс тамақтанбау;
  • басқа онкологиялық ауруды емдеу үшін сәулелену немесе химиотерапия қолдану;
  • АИТВ және басқа ауыр аурулар;
  • артық салмақ;
  • темекі шегу мен алкогольді ішімдікті асыра пайдалану;
  • тұқым қуалаушылық;
  • Даун синдромы.

Лейкоз ауруына кез келген адам шалдығуы мүмкін. Алайда медицина мамандарының айтуынша, 50 жастан асқан адамдар осы ауру түрі туындау қаупі жоғары топқа жатады. Себебі бұл жаста жасушалардың қайта түзілу ықтималдылығы артады және емдеу айтарлықтай тиімді болмайды. Әйтсе де лейкоз балалар мен жасөспірімдер арасында көп кездеседі. Дәрігерлер науқас неғұрлым жас болса, ремиссияға, яғни ауруды толық жеңуге деген мүмкіндік те соғұрлым жоғары болатынын айтуда.

Қанның қатерлі ісігінің кезеңдері

Созылмалы лейкоздар:

I саты – бір ғана қатерлі жасушадан туындаған жасушаның жалғыз көшірмесі бар – бұл кезең бірнеше жылға созылуы мүмкін;

II саты – метастаздар қалыптасуы;

III және IV саты – бауыр және көкбауырдың ұлғаюы, созылмалы анемия, лимфа түйіндерінің белсенді зақымдалуы.

Созылмалы лейкоз ауыр сипатқа ауысуы мүмкін.

Ауыр лейкоздар:

I саты – ортақ белгілері бар бастапқы саты, емдеуге жақсы бейімделеді;

II саты – кең сипаты – жасушалар бірнеше топқа бөлініп, қатерлі ұйысқан қандар түзеді, бірақ метастаз жоқ, сондықтан емдеу тиімді болады;

III саты – қатерлі жасушалар саны артады және басқа тіндерге де таралады, лимфа түйіндері зақымдалады, метастаздар бүкіл ағзадан байқалады;

IV саты – метастаздар басқа да органдарды зақымдайды, химиотерапияның пайдасы аз, түрлі қатерлі ісіктің препараттарға әртүрлі әсер етуі салдарынан әйелдерде бұл ауру жатыр және сүт бездеріне қарай өршиді.

Терапия болмаған жағдайда адам 2-3 айдан кейін немесе одан да бұрын көз жұмуы мүмкін.

Қан обырының симптомдары

Бастапқы сатыларда:

  • бас ауруы және айналуы;
  • нашар тәбет;
  • температураның себепсіз көтерілуі;
  • әлсіздік және шаршаңқылық;
  • жиі инфекциялар;
  • күрт салмақ жоғалту.

Кеш сатыларда:

  • ерін мен тырнақтың көкшіл реңі;
  • есінен тану;
  • тахикардия;
  • жоғары температура;
  • тыныс алу проблемалары және құрысулар;
  • мұрыннан жиі қан кету;
  • сүйектер мен буындардағы ауырсыну және сырқырау;
  • терідегі бөртпе;
  • лимфа түйіндерінің ұлғаюы;
  • дененің көгеруі;
  • жаралардың нашар жазылуы;
  • бауыр мен көкбауырдың ұлғаюы және іштің кебуі.

Қанның қатерлі ісігін емдеу

Соңғы жылдары медицина қан обырының жекелеген түрлерін емдеуде және түбегейлі жеңуде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Алайда ауруды бастапқы кезеңде анықтау оны жеңудегі ең негізгі талаптың бірі болып қалып отыр.

Диагностика

Кейде лейкозды анықтау үшін қарапайым қан талдауы жеткілікті. Бірақ көбінесе күрделі талдаулар мен процедураларды жасау қажет болады. Зерттеудің негізгі түрлерінің бірі – жілік майының пункциясы. Алынған материалды микроскоппен зерттейді. Жілік майы жасушаларының құрылымына, химиялық құрамына және лейкоциттер санына басты назар аударады. Қатерлі жасушалардың дененің басқа мүшелеріне таралуына жол бермес үшін науқастарға жұлын пункциясы жасалады, жұлын сұйығы тексеріледі, бас сүйегінің, көкірек қуысының рентгенографиясы, лимфа түйіндерінің, бауыр мен көкбауырдың ультрадыбыстық зерттеуі жасалады.

"Лейкозды бастапқы сатыда анықтау расында да күрделі. Бұл ауру әдетте науқас басқа шағыммен дәрігерге барғанда және қан талдауын тапсырғанда анықталады. Қан формуласындағы өзгерістен, анығырақ айтқанда, тромбоциттер мен эритроциттер санының аз болуы жағдайында жетілмеген элементтердің көп болуы күдік тудыруы керек", - дейді онколог дәрігер Роман Темников.

Лейкозды бастапқы сатыда анықтау үшін міндетті түрде келесі лабораториялық зерттеулер жүргізіледі:

Кеңейтілген жалпы қан талдауы. Ол лейкоциттер мен эритроциттердің бәсеңдеу жылдамдығын, тромбоцитті және эритроцитті массаның төмендігін көрсетеді.

Цитогенетикалық талдау. Ол бөгде хромосомалардың бар екенін анықтауға және онкологиялық процесті растауға мүмкіндік береді. Ол үшін жілік майынан, қан айналымынан және лимфа түйіндерінен қосымша жасушалар алынады.

Зерттеудің иммунды фенотиптеуі. Ол антигендері бар антиденелердің айрықша реакциясына негізделген және созылмалы лейкозды ауыр лимфобластты лейкоздан ажыратуға мүмкіндік береді.

Жілік майы пункциясы. Бұл жіңішке ине арқылы қатерлі ісік зақымдаған аумақтан жасушаны алуды қарастырады. Ол кезде лейкоздың созылмалы немесе ауыр түрі анықталады. Талдау морфологиялық сипаттамалары және цитогенетикалық түрі бойынша сәйкестендіруге лейкоздың қандай да бір терапия препараттарына әсерін анықтауға мүмкіндік береді.

Миелограмма. Ол қан жүйесіндегі мутацияланған және сау компоненттердің қатынасын анықтауға көмектеседі.

Цитохимиялық талдау. Ол айрықша ферменттерді анықтауға мүмкіндік береді.

"Бұл лабораториялық зерттеулердің барлығы арнайы онкологиялық ауруханаларда жүргізіледі. Дәрігер диагностикалық процедуралардың санын әр науқас үшін жеке анықтайды", - дейді онколог дәрігер Роман Темников.

Заманауи емдеу әдістері

Емдеу тактикасын емдеуші дәрігер лейкоз түрі мен сатысына қарай анықтайды. Басқа да онкологиялық аурулар кезінде секілді обыр жасушаларын жою үшін ең алдымен химиялық терапияны қолданады. Өкінішке қарай химияның жанама әсерлері бүкіл ағзаға әсер етеді. Науқастарда әлсіздік, құсу және диарея пайда болып, шаштың түсуі байқалады.

Әрі қарай онколог аурудың одан әрі асқынуына жол бермейтін терапия әдістерін таңдайды. Әдетте бұл жалпы күш беретін және гормоналды препараттар, бактерияға және вирусқа қарсы дәрілер болады.

Аурудың ауыр жағдайларында жілік майын донорлық алмастыру қажет болуы мүмкін. Бұл өте қауіпті және қымбат тұратын операция. Науқастар мен олардың туыстары отаға арналған қаражатты өз бетімен табуға мәжбүр. Трансплантация жасамас бұрын барлық қатерлі жасушаларды жою үшін науқастың жілік майын толық алып тастайды да, содан кейін ағза бөтен жілік майының жасушаларынан бас тартпауы үшін иммунитетті бәсеңдетеді.

Қанның қатерлі ісігінің профилактикасы

Лейкоздың алдын-алу бойынша арнайы шаралар жоқ. Сондықтан онкологтардың ұсыныстары қатерлі ісіктің барлық түрлеріне арналған кеңестер мен ұсыныстарды қамтиды. Бұл - салауатты өмір салтын ұстану және күйзелістен аулақ болу. Қатерлі ісіктерге шалдығудың тұқым қуалайтын бейімділігі болған жағдайда дәрігерлер бұл ауру туыстарынан анықталған уақыттан 5 жыл бұрын диагностикаға жүгінуге кеңес береді.

"Қан түзу жүйесіндегі онкологиялық ауру – болжап-білуге болмайтын дерттің бірі. Сондықтан оның алдын алудың ең жақсы әдісі ретінде жарты жылда бір рет тексеруен өтіп, салауатты өмір салтын ұстануды атай аламыз", - дейді онколог дәрігер Роман Темников.

Жаңалықтар
0