Экономика

Түрік әуе компаниясы Түркістан-Ыстамбұл халықаралық рейсін іске қосты

© РИА НовостиTurkish Airlines
Turkish Airlines - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.05.2021
Жазылу
31 мамырдан бастап Fly Arystan Түркістаннан Бішкекке ұша бастайды. Бұдан бөлек Ташкентке рейс ашу қарастырып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Turkish Airlines түрік әуе компаниясы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға жаңа халықаралық тұрақты рейсті іске қосты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, жаңа рейс 22 мамырда іске қосылды.

"Сенбі, 22 мамырда Turkish Airlines түрік әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға жаңа халықаралық тұрақты рейсті іске қосты. Бұл рейстің ашылуын Turkish Airlines Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырды", - деп хабарлады комитет.

Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында Boeing 737 әзірге аптасына 1 рет (сенбі) ұшады. Рейс саны эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай кезең-кезеңімен ұлғайтылады.

Билет құны 119 500 теңгеден басталады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Түркістаннан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстамбұлға рейстер бар. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 31 мамырдан бастап "Fly Arystan" әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке жаңа рейсті іске қоспақ. Бұдан бөлек Ташкентке рейс ашу қарастырып жатыр.

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап Түркістан қаласының әуежайынан 160-тан астам рейс орындалып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес ұшырылады.

Жаңалықтар
0