НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев "Ирина Кайратовна" тобының танымал ресейлік блогер Юрий Дудьке берген сұхбатына қатысты пікір білдірді.
"Ашық диалог 2.0" жобасына келген Абаев сұхбатты толық емес, жартылай көргенін айтты.
"ИК" тобының жігіттерін өз елінің патриоты деп санайсыз ба деген сауалға Абаев "иә" деп жауап берді.
- Алайда олар билікті қатты сынады. Осыған қатысты не ойлайсыз? – деп сұрады жүргізуші Александр Трухачев.
- Бұл олардың құқығы. Олар билікті сынап жатқан алғашқы адамдар емес. Өркениетті әлем үшін әбден қалыпты құбылыс. Әрине, кейбір пікірлерімен келіспеймін. Кейбірімен жартылай келісемін. Ал жалпы көбі дұрыс айтылды. Осы үшін оларды қошеметтеуге болады. Бұл жерде ең бастысы не? Жігіттердің ел тағдырына бей-жай қарамайтыны. Соңғы жылдар ішінде елімізде шығармашыл жастардың жаңа буыны өсіп, қалыптасты. Олар тек әншілер, әртістер, вайнерлер емес, жаңа жас суретшілер, театр мен кино режисерлері, актерлер, фотографтар және тағы басқалар. Айтпақшы, олардың көбі қазақ тілін насихаттауға зор үлесін қосып жүр. Олар оны сәнді етіп, әсіресе, жастардың қызығушылығын туғызады.
Сондай-ақ Абаев жекелеген пікірлер өте өткір болып көрінуі мүмкін екенін атап өтті. Бірақ уақыт барлығын өз орнына қояды, деді ол.
Абаев қатысқан жоба әлеуметтік желілерде жарық көрді. Жүргізуші Александр Трухачев "Дәурен Абаевпен ашық диалог" телебағдарламасының кезекті маусымы аяқталғаннан кейін бір жылдан соң жоба жаңа форматта көрермендерге жол тартқанын мәлімдеді. Енді оны тек интернеттен көруге болады, бірақ алаңда сол бұрынғыдай өзекті мәселелер қозғалады.
"Ирины Кайратовна" тобының Дудьке сұхбаты
"Шоу Ирины Кайратовны" жобасы Қазақстанда 2017 жылы басталды. Топ қатысушылары алдымен скетчтер түсірді. Кейінірек рэп-музыка жазуға кірісті. "ИК" бейнеклиптері YouTube-та он миллион рет қаралады.