Оқиға

"Ешкім көрмесін деп қанды сүрттік": Қостанайда көңілді отырыс қайғылы оқиғамен аяқталды

© Photo : SergggioМужчина с бейсбольной битой, иллюстративное фото
Мужчина с бейсбольной битой, иллюстративное фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2021
Жазылу
Кәсіпорын басшысы Сергей Костенко асханада әріптестері мен достарын жинап, сатып алған жаңа көлігіне орай дастарқан жайған

НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр — Sputnik. Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 24 жастағы Александр Ладуданың өліміне қатысты кезекті отырысы өтті. Бұл жолы мерекелік отырысты ұйымдастырған кәсіпорын басшылары жауап берді, деп хабарлады "Костанайский новости".

Күдікті – 32 жастағы Жәнібек Майлыбаев. Ол Ұзынкөл ауданындағы Киров ауылының тұрғыны Александр Ладуданы өлтіргені үшін айыпталып отыр. Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылы 27 қазанда кешкі сағат 20:00-де жергілікті кәсіпорынның басшысы Сергей Костенко асханада әріптестері мен достарын жинап, сатып алған жаңа көлігіне орай дастарқан жайған. Түнгі сағат екінің шамасында оларға Александр Ладуда қосылады. Біршама уақыттан кейін Майлыбаев екеуінің арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласып кеткен.

Шымкентте он жыл бұрынғы жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды

Сот материалдары бойынша Майлыбаев Александрды бетінен ұрған. Оның мұрны қанап кеткен. Жәнібек бір шелек суды алып, Ладуданың үстіне төккен. Сосын жердегі қанды сүртуді бұйырады. Александр шүберекті алып, сүрте бастапты. Алайда сотта жауап берген еден жуушы Лариса Глытнева оны жоққа шығарды. Себебі шелек те, швабра да, шүберек те арнайы бөлмеде тұрады. Оны өзі күнде кілтпен кететін көрінеді.     

"Мен дәлізде ештеңе қалдырған жоқпын. Бәрін арнайы бөлмеге қойып, есігін құлыптап кетемін. Ертесінде жұмысқа келгенде қабырғадан қан іздерін көрдім. Оны біреу сүрткен сияқты. Өйткені айғыз-айғыз болып тұрды", - дейді ол.

Ал кәсіпорын басшысы Сергей Костенко төбелесті көргенін мойындады. Бірақ Ладуда мен Майлыбаевты ешкім ажыратпаған. Өзара шешеді деп ойлапты.

"Адам өледі деп кім ойлаған? Білсек, сөз жоқ, араша түсетін едік", - деді Костенко.

Асханадағы төбелес далада жалғасқан. Одан кейін ауыл сыртына барады. Сол жерде Ладуда көліктен битаны алып шығып, Майлыбаевты бірнеше рет ұрған. Бірақ күдіктінің күші басым түскен. Ол битаны алып қойып, Ладуданың басынан ұрған. Ал адам өлтіргенін түсінгеннен кейін полицияға өзі барыпты.

Сотта Сергей Костенко қан іздерін кімнің сүрткенін де айтты. Ладуда мен Майлыбаев кетіп қалғаннан кейін ол әріптесімен бірге қанды сүртуге кіріскен.

"Тамбурда аяқ сүртетін шүберек жатқан. Сосын жерде жыртылған шымылдықты көріп қалдым. Шамасы төбелес кезінде жұлынған болуы керек. Оны да алып, қанды сүрттік. Өйткені отырысты өзім ұйымдастырдым. Сосын ертесінде адамдар жұмысқа келсе, қанның іздерін көреді ғой. Сөйтіп, әріптесім екеуіміз жинап тастадық", - деп атап өтті Костенко.

Ол қан іздерін кетіргенім рас, бірақ кісі өліміне қатысым жоқ деп мәлімдеді.

Жаңалықтар
0