НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр – Sputnik. Сенат "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бөлінетін қосымша қаражат өңірлерді дамыту мен әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Мәселен, "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыру қаражаты көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті.
"Осы қаржының есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Одан бөлек, 1 мыңнан астам әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі", – дейді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауға қосымша 131 миллиард теңгенің бөлінетінін еске салды.
Сонымен қатар, бес мыңнан астам бизнес жобаға несие беріліп, 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджетке енгізілген өзгерістердің нәтижесінде халықтың әл-ауқаты артады.
"Республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын жедел қарап, қолдағандарыңыз үшін үкімет тарапынан үлкен алғысымызды айтамыз. Бұл заң жобасы Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға және коронавирустың салдарын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ел экономикасының дамуына және халқымыздың әл-ауқатын көтеруге оң ықпалын тигізеді", – деп атап көрсетті Смайылов.
Заңға сәйкес, республикалық бюджеттің шығыстары 1 487,1 млрд. теңгеге артады. Нақты бағыттар да айқындалған. Олар:
- республикалық және жергілікті жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау – 140,2 млрд. теңге;
- "Бақытты отбасы" жобасын іске асыру – 40,0 млрд. теңге;
- ішкі істер органдарының жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдау – 30,3 млрд. теңге;
- медицина қызметкерлерінің жалақысын көбейту – 8,6 млрд. теңге;
- жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын көбейту – 9,6 млрд. теңге;
- жоғары білім алу үшін гранттар санын көбейту – 3,4 млрд. теңге;
- ғылымды дамыту – 7,1 млрд. теңге;
- пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында жаппай бейнебақылау енгізу – 4,2 млрд. теңге;
- сумен жабдықтау қызметтеріне, оның ішінде қалалар мен ауылдарда қолжетімділікті қамтамасыз ету – 32,4 млрд. теңге;
- өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемін көбейту – 81,0 млрд. теңге;
- агроөнеркәсіптік кешен саласындағы субсидиялау – 30,5 млрд. теңге;
- агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру – 15,0 млрд. теңге;
- шағын және орта бизнесті дамыту – 73,7 млрд. теңге;
- жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде іс-шараларды іске асыру – 90,9 млрд. теңге;
- дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті резервін қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық жабдықпен жарақтандыру деңгейін арттыру – 29,3 млрд. теңге;
- күтілетін орташа өмір сүру ұзақтығын арттыру – 25,8 млрд. теңге;
- газ тасымалдау жүйесін дамыту – 8,7 млрд. теңге;
- 3 500-ден астам ауылды жаңғырту – 70,8 млрд. теңге;
- жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын төмендету – 27,8 млрд. теңге;
- азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту – 25,0 млрд. теңге;
- туризмді дамыту – 10,5 млрд. теңге;
- аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды қамтамасыз ету және өткізу – 4,7 млрд. теңге.
Бұдан бөлек, коронавирустық инфекцияға қарсы күреске бағытталған іс-шараларға 265,3 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде карантиндік шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы ретінде 69,5 млрд. теңге бөлінеді.
Оқи отырыңыз: Бюджет қызметкерлері үшін ипотеканың бастапқы жарнасы алынып тасталуы мүмкін
Бұл санатта COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында провизорлық стационарға емдеуге жатқызылған пациенттерге медициналық кызмет көрсету мен ПТР-тес жасау (80,3 млрд) үкімет резервін ұлғайту (100,0 млрд), иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысын аяқтау (1,5 млрд), отандық вакцинаның клиникалық зерттеулерінің I/II және III фазаларын жүргізу (1,4 млрд), жеке қорғану құралдарын сатып алу (12,3 млрд) және тағы басқа маңызды шаралар бар.