НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр - Sputnik. 74 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Бауыржан Елубаев қайтыс болды.
Бауыржан Елубаев 1947 жылы 1 тамызда Ақмола облысы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Генерал-майор ұлттық қауіпсіздік жүйесінде жедел қызметкерден төраға орынбасарына дейін қызметтің барлық сатысынан өтті. 57 жасында Атырау мемлекеттік университетінің заң факультетінде жоғары білім алды.
ҰҚК-нің құрметті қызметкері, құрметті шекарашы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор. Ол II дәрежелі "Даңқ" орденімен, Кеңес Одағы мен Қазақстан Республикасының медальдарымен, грамоталармен, мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздік органдарының, сондай-ақ ТМД-ның төсбелгісімен марапатталды.
Оқи отырыңыз: Бұрынғы қаржы министрі дүниеден озды - Назарбаев көңіл айтты
1998 жылы Қазақстан Республикасы президентінің өкімімен полковник Елубаев Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Президент жарлығымен оған генерал-майор жоғары әскери атағы берілді.
2001 жылы Атырау облысы бойынша ҰҚК департаментін басқарды. Сол жылы ол қайтадан ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте барлау, терроризмге қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және комитеттің тергеу жұмыстары салаларын басқарды. Басқа елдердің барлау қызметтерімен, Қазақстанның қауіпсіздік және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеді.
2002 жылы Орталық Азия аймағы елдерінде өткізілген "Оңтүстік-антитеррор" жаттығуларын ұйымдастыру барысында қазақстандық тараптың жетекшісі болды. 2003 жылы Өзбекстандағы Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің ресми өкілі болып тағайындалды. Екі жылдан астам уақыт ішінде ол Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға үлес қосты.
2003 жылы Бауыржан Елубаев ҰҚК-нің Өзбекстандағы ресми өкілі болды. 2005 жылдан 2009 жылға дейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын басқарды. 2008-2010 жылдары – ҰҚК әскери институты диссертациялық кеңесінің төрағасы. 2010-2016 жылдары "Қазатомпром" ұлттық атом компаниясының қауіпсіздік департаментінің директоры болып жұмыс істеді. Сондай-ақ "Генералдар кеңесі" республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтандағы өкілдігін басқарды.